Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  839


Автор: Жібек Ысқақова

ЖАҢА ЖЫЛ ТАҚПАҚТАРЫ

Келді жаңа жылымыз,
Жаңа әуен, күй болып.
Жанымызды тербетер,
Таңғажайып сый болып.
* * *
Кел жаңа жыл, жаңа жыл,
Шырқап айтар ән болып.
Жаңа жылда шаттықты,
Шуақты атар таң болып.
* * *
Құтты болсын, жаңа жыл,
Келіп жеткен достарым!
Жаңа жылда жарқырап,
Ашық болсын аспаның!
* * *
Жаңа жылым, жаңа жырым,
Жаныңызды тербесін.
Жаңа жылым, жаңа күнім,
Қиындығын бермесін!
* * *
Әуезді әнмен тербейтін,
Кел жаңа жыл ән болып.
Аяз ата есік аш,
Қасымызда бар болып.
 * * *
Аяз ата, Ақшақар,
Жаңа жылмен бір келер.
Аппақ болып айнала,
Таңғажайып түрге енер.
* * *
Аппақ қыстың күнінде,
Есік ашар жаңа жыл.
Жаңалығын әкелсін,
Шаттық сыйлап жаңа күн.
* * *
Аязына тоңдырып,
Келді жаңа жылымыз.
Қуанышын сыйласын,
Келген жаңа күніміз.
* * *
Аяз ата келеді,
Қоржындағы сыйымен.
Ақшақарым келеді,
Аппақ, сұлу күйімен.
* * *
Кел жаңа жыл біздерге,
Ұмытылмас сәт сыйлап.
Кел жаңа жыл, жаңа жыл,
Баршамызға бақ сыйлап.
* * *
Жаңа жылдың ақ таңы,
Әрбір үйге сый берсін.
Сәттіліктер көп болып,
Көтеріңкі күй берсін!
 * * *
Келді Аяз атамыз,
Міне жаңа жылымен!
Ақшақар бар қасында,
Қолындағы сыйымен.
* * *
Құтты болсын жаңа жыл,
Келіп жеткен қуантып.
Жаңа жылда шаттана,
Жүрейікші үн қатып.
* *
Жаңа жылда, жаңа біз,
Жаңа әнге саламыз.
Аяз ата, Ақшақар,
Көңіліңді табамыз.
* * *
Мейірімді Анашым,
Құтты болсын жаңа жыл!
Қуаныңыз, шаттана,
Бақыт сыйлап жаңа күн!
* * *
Құтты болсын, Әкешім,
Жаңа жылың бүгінгі!
Жаңа жылда жаңаша,
Қызықты өткіз күніңді!
* * *
Құттықтаймын кеп жеткен,
Ата, жаңа жылыңмен!
Бақытыңды байқайық,
Қуанышты үніңнен!
 * * *
Құтты болсын жаңа жыл,
Әжетайым, асылым!
Бұл жаңа жыл сыйласын,
Бақыттың ең асылын!
* * *
Аға жаңа жылыңмен,
Құттықтаймын бүгін мен!
Жаңа жылда табыс боп,
Нұр таймасын жүзіңнен!
* * *
Құтты болсын Жаңа жыл,
Сұлу жүзді Әпкетай!
Қасыңыздан табылар,
Мен боламын еркетай!
* * *
Құтты болсын, сіңілім,
Келіп жеткен жаңа жыл.
Қуанышың көп болсын,
Шаттық сыйлап жаңа күн!
* * *
Құтты болсын, бауырым,
Жаңа жылың кеп жеткен!
Жаңалығың көп болсын,
Жаңа жылда тербеткен!
* * *
Құтты болсын, апайым,
Жаңа жылың, жаңа күн.
Өзіңізге тілеймін,
Бар жақсысын ғаламның!
 * * *
Құтты болсын, ұстазым,
Есік ашқан жаңа жыл.
Гүл жайнасын жүзіңіз,
Қуандырып жаңа күн!
* * *
Құтты болсын, ағайым,
Жаңа жылдың жаңасы!
Жаныңызды тербесін,
Бақ пен шаттық арасы!
* * *
Құттықтаймын, нағашы,
Жаңа жылдың күнімен!
Жылдан жылға жете бер,
Күлкі кетпей жүзіңнен!
* * *
Құттықтаймын, жиенжан,
Жаңа жылмен бүгінгі.
Қуанышта, шаттана,
Өткіз әрбір күніңді!
* * *
Келіп жеткен бүгінгі,
Құтты болсын жаңа жыл.
Қуана түс құрбыжан,
Бақыт сыйлап жаңа күн!
* * *
Келіп жеткен жаңа жыл,
Құтты болсын жан досым!
Жаңа жылда шаттықты,
Сәтті атар таң болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Еркежанмың
Еркежанмың 12.12.2024 12:50
5 сыныпқа тақпақтар барма

Пікір жазу