Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  344


Автор: Жібек Ысқақова

ӨМІР ДЕГЕН ҚЫЗЫҚ-АҚ

Өмір деген қызық-ақ қарап тұрсақ,
Сан мың тағдыр бар екен көңіл бұрсақ.
Бір кем дүние жетпейтін бәріне де,
Қатты кейде болатын өмір жұмсақ...
Біреуге таң сыйласа нұрлы арайын,
Ал біреуге сыйлайды мұң талайын.
Алма-кезек өмір-ай ақ, қаралы,
Келтіретін Жаратқан өз орайын...
Бірде өмір болады жаздай жылы,
Бүршік атып, тамырлап бақыт гүлі.
Гүл өмірің біртіндеп күзге ұласар,
Самал желдей тербеліп жүрек үні...
Қыстай суық болады кейде өмір,
Ызғарына малынып жайдар көңіл.
Аппақ ұлпа мамықтай қар жауса да,
Шетте қалып дақ түскен қайран сенім...
 Ал көктемде бәрі де жаңарады,
Зіл батпаннан көңілің тазарады.
Бұл өмірге қарайсың жаңаша сен,
Жанды тербеп өмірдің ғажап әні.
Осылайша жалғасар өмір деген,
Бірде көктем, бірде күз көңіл деген.
Қысы да бар, жазы да арасында,
Күйбең тірлік жалғасқан өмірменен.
Өмір солай күн санап жалғасады,
Бітпейтіндей бұл өмір үн қосады.
Біреу келер өмірге, біреу кетер,
Өмір заңы осылай алмасады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу