Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  141


Автор: Жібек Ысқақова

КЕЙ АДАМҒА

Қарап тұрсам бұл өмір күрес екен,
Тұңғиыққа кетер жан күреспеген.
Кей адамға күн өтпес, қызық емес,
Көшпен бірге соңынан ілеспеген.
Кей адамға минуты, сағат өтер,
Таңы атып, зуылдап түні жетер.
Уақыт жетпей, үлгермей жатады олар,
Жұмыстары қауырт боп күннен бетер.
Енді бірі — ісі жоқ, жұмысы жоқ,
Алға қойған мақсаты, бір ісі жоқ.
Қарны тойса болғаны ұйықтай берер,
Қара суға семіріп, көңілі тоқ.
Кейбір жандар ақшамен кеуде қағар,
Заңды басып белшеден, аузын жабар.
Әкесі бай, бірінің нағашысы,
Ақшаларын сөйлетіп көңлін табар…
Ал кейбірі жоқтан бар жасап жүрер,
Оқу оқып, еңбек қып, өмір сүрер.
 Адалдықтан танбайды ондай жандар,
Әрбір істің маңызын, жөнін білер.
Ал біреулер мақтаншақ боп келеді,
Мақтай қалса желдей боп тербеледі.
Айналаға қарайды “мақтасын” деп,
Олар үшін “мақтау сөз” ең керегі.
Ал біреулер мейрімді, қарапайым,
Ойлайтұғын басқаның бақыт, жайын.
Қуанышқа бөлейтін адамдар бар,
Мейрімдікпен үн қатып әр күн сайын.
Өзімшілдер тағы бар “өзім” дейтін,
“Ала берсем”, “жей берсем” өзім дейтін.
Тым өзімшіл жан олар, көзі соқыр,
Жақынының жай-күйін сезінбейтін.
Болашақтың қамын жер әрбір адам,
“Көп болсын деп күніміз” жарқыраған.
Бақыт деген байлықта, атақта емес,
Екендігін түсінсе… барлық адам.
“Бақыт”- деген аман боп жүргеніміз,
Сыйлы болып бірге өмір сүргеніміз.
Қуанышта, шаттықта, ынтымақта,
Өте берсін қызықты күндеріміз…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу