Өлеңдер ✍️
ОТАНЫМ — ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Асқар тауы, белі бар,
Көк майса орман, көлі бар.
Жер анамыз сыйлаған,
Алтын, күміс кені бар.
Отаным —Қазақстаным!
Жазиралы жері бар,
Қазақ дейтін елі бар.
Жеті атасын сақтайтын,
Айнымайтын тегі бар.
Отаным — Қазақстаным!
Көк байрағым желбірер,
Ет жүрегім елжірер.
Елтаңбам бар пырақты,
Қос қанатты ат тең жүрер
Отаным — Қазақстаным!
Әнұраным жүрегім,
Саған құлақ түремін.
Жеміс беріп жеңісің,
Алға бастап тұр елім!
Отаным — Қазақстаным!
Астанамыз бас қала,
Жаңа қала, жас қала.
Бір өзіне баурайтын,
Жасай берші — Астана!
Отаным — Қазақстаным!
Алматым бар алмалы,
Әрбір жанның арманы.
Өнер, білім мекені,
Сұлуланған жан-жағы.
Отаным — Қазақстаным!
Жасыл аймақ — Шымқалам,
Шыршалары шырмаған.
Үшінші мегаполисім,
Жан тербейтін жыр қалам.
Отаным — Қазақстаным!
Атыруым, Алтайым,
Шығысымды байқайын.
Солтүстік бар, оңтүстік,
Қайсы бірін айтайын?!
Отаным — Қазақстаным!
Сайрамда бар сансыз баб,
Түркістанда түмен баб.
Деп айтқандай, Түркістан,
Берер бізге кілең бақ!
Отаным — Қазақстаным!
Ауылдарым қаншама,
Қазық болған баршаға.
Ауыл алтын — бесігім,
Жүрем сен деп ән сала!
Отаным —Қазақстаным!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter