Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  79


Автор: Жібек Ысқақова

МҰҚАҒАЛИМЕН СЫРЛАСУ

«Мұқағали» жан тербер атың қандай?
Поэзияға біздерді шақырғандай.
Мейірімді жанарың елестейді,
Тамашалап, үн қатып отырғандай.
Жырларыңмен тасқындап, жалындадың,
Бас имедің ешкімге, жалынбадың.
Он жасыңнан өлеңді азық етіп,
Бойыңызға тұмар қып қабылдадың.
«Қой» жылында өмірге сіз келдіңіз,
Өлең болып сырлана тербелдіңіз.
Өмірдің дауылына қарсы тұрып,
Поэзияға өлеңмен дем бердіңіз.
Лирикалық жинақтар, дастандарың,
Бізге азық, оқып жүр жастар бәрін.
«Сенің көзің» «Ғашықпын» өлеңдерің,
Ашып жатыр бұл күнде жастар бағын.
Отаның мен ерекше дара халқың,
Құрметтеуде бұл күнде ата-салтын.
Мерейі де үстем боп тіліміздің,
«Үш бақытым» - бүгінде жүзі жарқын.
Жырыңызды арнадың Фаризаға,
Сыйластықпен жар салып жарияға.
Мұра етіп жазылған жырларыңыз,
Санасына ұрпақтың дариды аға!
Есімізде әр жазған өлеңіңіз,
Сол өлеңмен жайнауда өнеріміз.
«Ей, өмір» деп жырладың қапалықпен,
Не болар деп ертеңгі көреріміз?!
 Жыласа да сол кезде бұл жаныңыз,
Орындалды бұл күнде арманыңыз.
Әр жыл сайын арнаулар ағылуда,
Өлең-жырмен көміліп жан-жағыңыз.
Өтіп жатыр жыл сайын байқауларда,
Бұның бәрі сізге аға, байқалар ма?
«Өлең оқу», «поэзия», «сурет салу»
Байқаулары сізге жөн айта алар ма?!
Мерейтойың есіктен еніп келді,
Жанарларға жасымыз ерік берді.
Сен мәңгілік жасайсың, құрметтейміз,
«Мұқағали» атыңа беріп төрді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу