Әссәләмуғалейкум! Қазір мода да жыртық джинсы, жыртық футболка т.б. Енді сұрағым: олар шариғат бойынша рұқсат па?
Жауап
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қасиетті Құран Кәрімде, «Ағраф» сүресінде былай делінеді:
«Ей, адам баласы! Шынында біз сендерге ұятты жерлеріңді жапсын деп киім түсірдік және әшекейді түсірдік. Тақуалық киімі – міне ең жақсысы. Ол нәрсе Алланың белгілерінен. Мүмкін олар, ескертуге құлақ асар»[1].
Ислам заманға сай киінуді жоққа шығармайды. Бұрындары ер кісілер ұзын шапан киіп жүрген болса, қазіргі таңдағы ер кісілердің киім үлгісі өзгеше. «Елу жылда, ел жаңа» демекші, уақыт өткен сайын киім үлгісінің де өзгеріп отыратындығы заңдылық. Сондықтан болар, Алла Тағала Құран Кәрімде ер кісілер үшін белгілі бір киім үлгісін бұйырмаған. Пайғамбарымыздың да хадис шәрифтерінде «пәлен» үлгіде киініңдер деген нақты бұйрық жоқ. Бұл да дініміздің қияметке шейін өз құндылығын жоғалтпайтындығына бір дәлел деуге болады.
Алайда, мұнда да ескерілуі тиіс өзіндік қағидаттары жоқ емес. Сайып өтер болсақ:
Біріншіден, ер кісілердің киім үлгісі әйел кісілердің киім үлгісінен өзгеше болуы тиіс.
Екіншіден, әурет жерлерді жауып тұруы керек. Ер кісілердің әурет жері - кіндік пен тізе арасы (тізе жабылуы керек).
Үшіншіден, байсалды киім үлгісін таңдаған дұрыс. Бүкіл ағзасы сыртқа теуіп тұратындай аса тырысқан немесе соңғы кезде кездесіп жататындай әр жері ойық-ойық, жыртық-жыртық болмағаны дұрыс. Алла Тағала жоғарыдағы аятта «Тақуалық киімі – міне ең жақсысы» дейді.
Төртіншіден, жергілікті менталитетті де ескерген жөн. Қоғамда ерсі саналатын киім үлгісі - діни тұрғыда да ерсі саналмақ.
Бесіншісі, түрлі діни символикалар бейнеленбеген болуы керек және лаж болса, суретсіз болғаны абзал.
Алтыншысы, жалпылама Ислами тәлім-тәрбиемен ұштаспайтын, ар-ожданға теріс, арсыз киім үлгілері дінде тыйым салынады.
Сондықтан да, кейінгі кезде пайда бола бастаған жыртық-жыртық джинсы шалбарын кию мұсылманшылық киім кию әдебіне теріс болғандықтан, шариғатта рұқсат етілмейді. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм):
«Кім бір қауымға ұқсаса, ол – солардан», - деген.
Абдусамат Қасым
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter