Шығармалар ✍️
«Қара шаңырақ ҚазҰУ-ым»
«Қара шаңырақ ҚазҰУ-ым»
Қанша жас түлеп ұшқан, талай жанның арманы болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мені өзіне баурап алды...
Мен Келесбаев Ерсұлтан Жәнібекұлы қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Ақпараттық технологиялар» факультетінің 1-курс студентімін. Менің бұл университетке түсуімнің өзіндік себептері бар.
Мектепті бітіру шағымда Ұлттық біріңғай тестілеуден тиісті балды жинаған соң, алдымда мамандық бойынша университет таңдау маңызды болды. Мен бұрыннан қалаған ақпараттық технологиялар саласын ойланбастан таңдаған болатынмын. Ал университет таңдау жағы қиынға соқты. Әркім әр университеттерді айтып, кеңес беріп жатты. Бірақ менің қалауым мен ата-анамның таңдауы бір болды. Құжат өткізуге бір күн қалғанда ата-анама «Мен ҚазҰУ-ға түскім келеді..» дегенде, ол кісілер де менің сөзімді бірден құптап кетті. Ата-анамның қолдауы маған үлкен қуаныш сыйлады. Көп уақыт өтпей, армандаған мамандығым мен университетіме грантқа түскенім туралы хабарды естідім. Киелі қара шаңырақ білім ордасында, бірегей,теңдессіз қалашықта білім алудың бұйырғанына шын жүректен қуандым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті менің саналы азамат болып қалыптасуыма тәрбие беретін және кәсіби мамандығымның алдындағы көшбасшылық тұғырына жетелейтін биік білім ордасы деп білемін.
Уақыт жоғалтпай, жақсы білім алуға арман қуып Алматыға келдім. Университетке жақындаған сәтте тек суреттерден көретін «Мәңгілік ел» қақпасы мен универ бас ғимаратын көзім шалды. Ішімдегі қуанышты айтып жеткізе алмайтын едім. Бас ғимараттың жанындағы Әл-Фараби атамыздың ескерткіші маған «Қасиетті оқу ордасына қош келдің, оқуда талма..» деп айтып тұрғандай көрінетін. Қалашықтың кеңдігі мен әсемдігіне әлі күнге дейін көзім тоймайды. Соның бірі 2 миллионнан астам кітап қоры бар зәулім ҚазҰУ кітапханасы. Онда студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті кітапхананың онлайн сайтында да қаншама кітаптың электронды нұсқасы бар.Оқимын деген әр студент өзінің керегіне еш қиындықсыз қол жеткізе алады. Кітапханаға ең алғаш кірген сәтте сол жақтағы Әл-Фарабидің мүсіні мен оның «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзін көзім шалды. Осыдан-ақ бұл университеттің тәрбие мен білімді қатар бере отырып, саналы, өзгеге өнегелі ұрпақты оқытатына көзім жетті. Сонымен қатар бұл кітапханада шығыстың ұлы ойшылы, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби атамыздың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін мұражай бар. Студенттер үшін оқу залы мен электронды зал бар. ҚазҰУ қалашығында студенттерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, осы аталған кітапханамен қатар интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, компьютерлік-техникалық жабдықтар, тегін WI-FI сымсыз интернет желісі , ауқымы кең спорттық кешені сияқты орталықтар орналасқан. Университеттің оқытушыларымен де таныстым. Олардың білім дәрежесін және оқыту әдістерін көре отырып өз ісінің маманы, тәжірибелі оқытушылар екендігіне көзім жетті.
Қорытындылай келсек, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазаз ұлттық университеті Қазақстанның жетекші университеттерінің бірі ,әрі әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең үздік 800 университеттің алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті атағын алып жүру мен үшін үлкен мәртебе. Асқақтаған Алатаумен ұштасқан білім ошағында оқудың өзі үлкен дәреже деп білемін.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
"Ақпараттық технологиялар" факультеті "Ақпараттық жүйелер" мамандығының студенті Келесбаев Ерсұлтан Жәнібекұлы
"Филология" факультетінің аға оқытушысы С.А.Уразгалиеваның жетекшілігімен жазылды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter