Эсселер ✍️
Эсселер ✍️
10.11.2023
98
БАР БОЛЫҢДАР, АҒАЛАР!
Несіпбек ағам осыдан бір ай бұрын тұтқиылдан төсек тартып қалды. Инсульт - ми қантамыры жарылған деген диагноз қойды. Ем алып жатқанда көп адам хабарласып жатты. Бірақ ағаның көп кісімен сөйлесуге шамасы да, құлқы да болмады. Сондай сәттің бірінде белгілі кинорежиссер, Халық артисі Талғат Теменов (Талгат Теменов) ағам хабарласты. Талғат аға екен деп едім, Несаға: «Ааа, қосшы кәне, сөйлесейін» деді. Бар күш жігерін жинап трубканы көтеріп: «Ау, Талғатжан, хәлім онша жақсы емес. Рахмет хабарласқаныңа. Имекеңе сәлем айтарсың»- деп трубканы қойды. Мен іштей ойға кеттім. Төсек тартып жатқан адам жақындарын іздейтіні бар еді ғой. Өзі жақсы көретін інісін сағынып жатыр.
«Арда туған азаматым – Имашым,
Алғыс алған жақыннан да жаттан да,
Өнер үшін жұлып берген өзегін,
Өрге сүйреп небір қиын шақтарда!»- деп өзі жырлаған қайсар азаматты сағынуы заңдылық қой деп бір түйдім. Осы өлеңінде Несіпбек аға тағы да былай дейді:
«Иманғали ортамызда жалғыз-ақ,
Имансыздар толып жатыр қапталда.
Қайдасыңдар, көбедей көп қайраткер,
Қара ниет қамшы сілтеп жатқанда?!» - дейді. Шынымен Иманғали Нұрғалиұлының қайсар мінезі мен ерекше адамгерлшілігі асып туған азамат екенін білетін едім. Бүгін тағы да көзім жетті. Ақынның көңілін сұрап, алтын уақытын шығарғаны азаматтық қой.
Иманғали Нұрғалиұлын Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай(Galym Zhailybay), Халық артисі Талғат Теменов ағалармен бірге күтіп алып Несіпбек ағаның үйіне бардық. Ол кісі ақынның отбасынан жай-жапсарды сұрасып білген соң, бірден білікті дәрігер, атақты нейрохирург Серік Ақшолақовпен сөйлесіп, кезігетінін айтты. Ұлттық нейрохирургия орталығына барып, Серік Ақшолақовпен Несіпбек ағаның денсаулығы бойынша пікірлесті. Серік ағамыз да Несіпбек ағамыз жатқан ауруханаға жедел барып, көріп шықты.
Бұл да үміт ұшқыны екен. Несағаның отбасыммен бірге менің де осы жайттерге куә болып, құлазып тұрған көңілім бір сәтке жайнап қалды.
Қазақ әдебиеті мен руханиятының қамқоры Иманғали ағамның адамдық қасиетіне тағы бір куә болдық. Асып туған адамдығы мен ерекше кішпейілдігі, ақынды ардақтаған асыл қасиеті тәнті етті.
Осыдан біраз күн бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы (Darhan Qydyráli) да ауруханаға келіп, ақын ағасының көңілін сұрап кетіп еді. Кеше Иманғали ағамыз келді. Қазақ әдебиетін ардақтайтын азаматтардың аз да болса бар екеніне шүкір еттім.
Бар болыңдар, ағалар!
Несіпбек ағамызға амандық тілейміз!
Қабиден Қуанышбайұлы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter