Эсселер ✍️

  10.11.2023
  108


Автор: Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

АЗАМАТТЫҒЫҢЫЗҒА ТӘНТІМІЗ, АЛТЫНБЕК АҒА


Қазақтың бетке ұстар ақыны Несіпбек Айтұлы ағамыздың Жұмабек ТӘШЕНЕВ туралы жазған "Жер жаннан қымбат" атты поэмасы дер уағында жазылып, ел арасында кең тарады. Отыздан астам поэма жазып, оның басым көбі қазақтың батырлары мен ғұламаларына арналғанын Несіпбек жырларын оқыған ағайын біледі. Бұл поэма да Тәшеневтің батырлығын, жаужүректілігін ашқан шығарма болды. Қазақ тұлғаларын қара өлеңмен қастерлеген ақынға халықтың құрметі арта түсті. Сондай қошеметтің бірін Академик, сенатор Алтынбек Нұхұлы ағамыз да жасады. Ақынмен аға-іні болып, көптеген игі шаруаларға мұрындық болды. "ҚАНЫШ", "АХМЕТ" поэмаларының жарыққа шығуына аянбай еңбек етті. Академик Қаныш Сәтбаевты ұлы ғалым, ғұлама ретінде Несіпбек ағамыз жақсы білгенімен, өмірі, тағдыры, ауыл-аймағы мен "бота-тайлағы" туралы ақпаратқа толықтай қанық емес еді. Жақыннан араласып, жиі кезігіп жүрген Алтынбек ағамыз көптеген материалдармен қамтамасыз етті. Тіпті Несіпбек ағамызды ауылына апарып, Қаныштың кіндік қаны тамған туған даласын аралатты. Сол сапардан Несаға үлкен толғаныспен келді де, көптен толғатқан поэманы бастап кеп жіберді. Поэма өте сәтті шықты. Сәтті шығуына Сәтбаевтанушы, ғалым Алтынбек ағамның еңбегі де зор болды. Бұл туралы поэмада Несіпбек ағамыз былай деп ризашылығын білдіреді:



" Баянға бастап келді сәтті күні,

Алтынбек нысаналы Нұхтың ұлы.

Ағайын, осындайда білінеді,

Мықтының мұқалмайтын мықтылығы!..



Поэманың өте сәтті шыққанын басында айтып өттік. Ал, шығарманың насихаты да кең тарады, баспасөз бетінен басқа, аудио нұсқасын белгілі актер Нартай Сауданбекұлы әуезді үнімен оқып шықты. Радиода бірнеше рет беріліп, газеттен оқи алмаған ағайын, құлақ құрышын қандырды. Радиожурналист Толқын Сұлтан радиотеатр форматында өңдеп, моноспектакль ретінде қалың қауымға ұсынды. Ж.Тәшенев пен А. Байтұрсынұлы туралы поэмалар да дәл осындай форматта тыңдарман қауымға тарады.

Елордада 2021 жылы А. Нұхұлының бастамасымен іске асқан, Қаныш Сәтбаевқа арналған зәулім ескерткіштің ашылуы болды. Келесі жылы осы ескерткіштің жанына ғұламаның нақыл сөздерімен бірге қазақтың ұлы адамдарының Қаныш туралы сөздері де арнайы төрт гранит тастарға жазылып, ашылған болатын. Соның бірінде Несіпбек ағамыздың "Қаныш" поэмасынан үзінді де мәңгілік боп таспаланды.

Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы № 61 мектептің оқушылары, осы шығарма желісі бойынша театрландырылған көлеңкелі қойылым қойды. Қонақ ретінде автор Н. Айтұлын, ғалым А. Нұхұлы, актер Н. Сауданбекұлын шақырды. Өте бір тағылымы бөлек кеш өткен еді. "Қаныш" поэмасының қызуы басылмай тұрып, ел ағалары алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы өзекті шығарма жазу керектігін ақылдаса жүрді. Оның үстіне, сенатор ағамыз Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы депутаттық сауал жасаған болатын. Тың материалдар қарастырылды. Алаш тақырыбына аса ыждағаттылықпен қарайтын ақын Несіпбек Айтұлы бұл поэманы да үлкен ынта, зор еңбекпен сәтті жазып шықты.

Осы жазда Алтынбек аға Несағаны әулие Мәшһүр Жүсіптің басына ертіп барып құран бағыштап, Мәшекеңнен арнайы бата алып "Мәшһүр Жүсіп" поэмасын бастауға ниеттеніп отыр еді. Мәшһүр атамыздың әруағы қолдап, Несағамыз ертерек жазылып шығып, осы поэманы жазса екен деп тілеп отырмын. Міне, осындай рухани байланыс ағалы-інілі екі азаматты тіпті жақындата түсті. Несаға ауырғанда алғаш болып хал сұраған, жағдай білген, жанымызда болған да осы Алтекең еді. Жақында ғана хабарласып, алыс аймақтарды аралап, ел мұңын тыңдап жүргенін айтты да, Астанаға жеткенде Несағаның үйіне барайық, жеңгейге кіріп, көңілін аулайық деді. Көңілін сұрап, ауруханаға кіруге дәрігерлерден әзірге рұқсат болмаған соң, Несағаның отбасына барып, көмек қолын созып, көңілін аулау да азаматтық қой. Алтынбек аға, азаматтығыңызға тәнтіміз. Аман-саулықта болыңыз, Аға.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу