Эсселер ✍️
Эсселер ✍️
10.11.2023
126
ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАБАНБАЙЫ - НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ
Әкем өмірден қайтқанын жете сезінбеппін десем асыра айтқандық болмас...Асқар тау әкесін ажалға кім қисын. Ауылдан 15 жасымда шығып кеттім. Астанада жиырма жылға жуық тұрып келемін. Әкем қайтқанда өзім өскен ортам Астана жұрты құлазытпады. Несіпбек ағам ақылшым болды. Арқа сүйедім. Тіпті әкемді сағынуға бірінен кейін бірі өмірге келген кішкентай Қуанышбайлар мұрша бермеді. Отыздың біріне келгенде әкемнен айырылсам да, марқұм мені шамасы келгенше жеткізіп, жетілдіріп кеткен екен. Жетімсірей қоймадым. Өкінішім тек қана осы бір жақсы күнімді көрмей кеткені еді.
Он жылдан астам уақыт, студент кезімнен қасында жүрген Несіпбек ағамнан айырылу ауыр тиді. Құлазытты, жалғызсыратты, жетімдіктің не екенін сезінгендеймін. Жан-дүнием астаң-кестең.
Кеше ақтық сапарға аттандырып, арулап көмдік. Ұлы ақынды қара жер түк білмегендей тыныш қана қабылдап алды. Қабір басында Мұқағали Мақатаевтың «Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның, қызарып батты ертеңгі шығатын күн. Торғай – өлең шырылдап бара жатты, азуында ажал дейтін сұрапылдың» - деген өлеңі еске оралды. Қыршын кеткен Т. Айбергеновке арналған өлең екенін білсем де қабір басында күбірлеп тұрдым.
Жаназасында мыңнан астам ел жиналып, асқа алты, жеті жүз адам қатысты. Асты көрнекті Академик, ғалым, ҚР Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі аға жүргізді. Несіпбек ағаға ертеден еріп, іні болған Дархан аға байыппен, баппен Несіпбек ағаның көркем жырларымен көмкеріп, жоғары деңгейде жүргізді. Соңғы жазған поэмаларын тілге тиек етті. Жабырқаған жұрттың мұңын сейілтіп, рухты өлеңдерін қапалы жүректерге таяныш еткендей әсер қалдырды. Несаға соңғы поэмаларын түгелдей дерлік Дархан інісіне оқып беретін еді. Оған бірнеше рет куә болғанмын. Тіпті Халық қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубакіровке арналған поэманың атын Несіпбек аға Дәкеңмен ақылдаса отырып «Көктің ұлы» деп қойып еді. Несіпбек ағаны жақыннан жақсы түсінетін, өмірі мен өлеңіне қанық Дархан Қуандықұлының бұл асты жүргізуі де заңдылық!
Осыдан үш ай бұрын Несіпбек ағамыздың хәлі нашарлап, төсектен тұра алмай қалған бір күндері қасында болдым. Ұл, қыздарына өтініш етіп, ағамның қасында болайын, қарасайын дедім. Бір апта уақыт ауруханада жанында жаттым. Сол күндері Несағам көп дүние айтқысы келді. Бірақ тілі күрмеліп, хәлі күннен күнге нашарлай берген еді. Дәрігерлер де бар күш-жігерін сарқа жұмсағанымен амалы таусылғандай күй кешетін.
Текті адам ғой. Өзінің кетерін сезді ме екен?... Маған өсиетін айтып үлгерді. «Қол жазбаларымды жина, аяқтамай қалған «Шұбартау» поэмасын газетке жарияла» деді. «75 жылдығыма он томдығымды дайындаңдар» деген аманатын айтты. Ұл, қыздарына да өсиетін айтқан болу керек. Ал қолымды қысып тұрып маған айтқандарының бір парасы осы еді. Сосын Ақеділ Тойшанұлы ағама телефон жалғатып, Дархан бауырым келіп кетсінші деп сәлем айтты. Ол кезде Дархан Қуандықұлы Ақпарат және қоғамдық даму министрі еді. Ағасының арнайы шақыртуын ести сала Ақеділ аға екеуі түн жамылып жетіп келді
Сол кезде Несіпбек аға күрмеліп бара жатқан тілін зорға икемге келтіріп, бар күш-жігерін бойына жинап, Дархан інісінің қолын қысып отырып былай деді: «Айналайын, Дарханжан, дүниенің ақырын көрдім. Енді айықпаймын. Тілді ардақтаңдар, Тәуелсіздікті аялаңдар» - деді. Сосын сәл тыныстап алып: «Бір ғана тілегім бар. Батыр бабамның жанына жатсам деп едім. Қаламгердің ұлы ғой, Президенттің құлағына жетсе, қарсы болмас. Егер реті келмей жатса Аягөзде бір төбенің басына жатармын»- деді де теріс қарап жатып алды. Бірақ бауырының қолын қатты қысып әрең жіберді. Дархан аға ағасының басын сипап біраз отырды.
Осы екі ауыз аманатын айтқан Несіпбек аға содан кейін тілден бір жола қалды. Екі үш күннен кейін жансақтауға түскенін естідік. Содан қайтып оңалмады. Жақында үйге шыққан кезде де сөзі түсініксіз еді. Соңғы өсиеті сол болды. Оған дейін бірнеше адаммен сөйлесіп, телефонда тілдескенін осыған дейін де айтқанмын, жазғанмын. Ал, осы бір жайтты айтудың реті енді келіп тұрғандай. Дархан ағамыз Несағаның сол бір хәл үсті күйін көрген соң, қатты құлазып кетті. Далаға шыққаннан соң да қайғырып тұрды. Қос жанары мөлдіреп, ағасын қимай тұрған сәті әлі есімде.
Содан бірнеше күннен соң дәрігерлер Несіпбек ағаның отбасына ақынның соңғы сапарына дайындала беріңіздер деп айта бастады. Естіген құлақта айып бар ма? Несіпбек аға қайтыс болып кетті деген хабарды да естідік. Себебі дәрігерлер дайындалыңыздар дегенді бір емес, бірнеше рет айтқан еді. Ұл, қызына хабарласып, сұраған сәтте де осы бір жайсыз хабарды естіп тұрдық. Шалыс естіген жігіттер, Дархан ағаға да Несаға қайтыс болды деп хабар беріпті. Дархан ағамыз бір емес бірнеше кісіден сұраса да осы хабарды ести беріпті. Бірақ ажалмен арпалысқан Несіпбек ағамыз сол сәтте аман қалып, баршамызға үміт отын жағып еді. Бірақ.... Бірақ... орнынан қайтып тұрмады. Ақтық сапарына ақыры аттанып кете барды....
Кеше Несіпбек ағамның аманаты орындалып Қаракерей Қабанбай батыр жатқан қасиетті қорымға, ұлттық пантеонға жамбасы тиді. Осы аманатын орындауға себепкер болған ағаларға мың алғыс. Ақынның ақтық сөзін қастерлеген Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына құдай қуат берсін, Алла разы болсын деймін.
Қабиден Қуанышбайұлы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter