10.11.2023
  831


Автор: Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

Бір тал шаш(Әңгіме)

Он сегізге енді жеткен шағымыз еді. Мен оған ғашық болып жүргеніме екі жылдан асып қалған. Ол он сегізге толған туылған күні кешінде, оның досынан ақ параққа жазылған жүрек сөзімді айтып, ақтарылған едім. Одан хат келді. Бірақ хатта тек қана көп нүктеден басқа ештене жазылмапты. Басқа емес, жүрек сөзімнің жауапсыз қалмағанына қуанып мен жүрмін. Бірақ ендігі қадамда не істеу керектігін біле алмай сарсаңда түстім. Ақыры оны жеке кездесуге шақыруым керек екенін түсіндім. Осындай кіші кірім кездесулер жиілей берді. Біздің арамыздағы махаббат күшейе берді.
Шамасы жарты жылға жуықтаған болу керек. Сенбі күні біз мектептен ерте тарайтын күн болатын. Мен оны ауыл сыртына серуендеп қайтуға шақырдым. Ол келісімін берді. Қуанышымда шек жоқ. Нағашы атамының үйі дәл осы маңайда болатын. Бірақ нағашыларым түгелімен жаз жайлауға шығып кетуші еді. Екеуміз әңгімемен жүре жүре ауылдан алыстап, нағашыларымның үйіне де таяп қалыптық. Қасқарайып, күн ұясына кірер шақта жеттік ол үйге. Атамның үйінің жай жапсары маған әбден айқын, еркін кіріп, шай ішіп, жайланып отырып та алдық.
Мен оған біз бүгін осында болайық. Үйге ертен барайық. Қазір кеш болып кетті. Түнде жүру хауіпті. Ертен жексенбі ғой дедім. Ол, бастабында бұл сөзге шамданып ашулана бастады да, шешесіне телефон соғып бір өтіріктің басын қайырды да, досының үйне қона салатынын, досы бүгін жалғыз екенін айтып, рұхсат алды. Бірақ таңертен ертесімен үйде болам деп уәде етті.
Сөйтіп екеуміз шай ішіп алдық да, ұйқыға кірістік оны ішкі үйге жатқызып өзім далан үйдегі креслода жантая кеттім. Ішкі үйдің құлпы бар еді. Бірақ ол есікті ілген жоқ та, құлыптаған жоқ. Мен таң атқанша көз ілмей оған құлағымды түріп жаттым. Шамасы шошып қалады деп күдіктенсем керек.
Көзім енді іліне берген шақта ол оятып үйге кетуі керектігін айтты. Мен де беті қолымды сапылдатып жудым да, үйге тарттық.
Арада бес жыл өтті. Ол қазір қасымда жоқ. Елесі еңсемді езіп келеді. Тек оның емханада жатып, шытқа түйіп алған бір тал шашын көрсетіп, айтып берген әңгімесі ғана құлағымда жаңғырып тұрып алды. Ол ыстық алақанымен екі бетімді аямалап жатып осы әңгімені айтып берген болатын. Одан естіген ең соңғы әңгімем екенін де сезген едім. Солай. Ең соңғы әңгімем боп қалды.
Ол әңгімесін былай бастады:
Сонау жылы екеуміз алғаш серуенге шығып атаңның үйіне қонған едік. Мен бастабында саған қатты ренжіген едім. Алдап алып келген болды гой деп. Сөйтім де, бірақ үйге қайтпауға бекіндім. Жатын үйдің құлпысын құлыптап алсам болмады ма басқа не хауіп деп ойладым. Бірақ дәл жатар шақта ол ойымнан да айнып қалдым. Сен сыртқа шыққан орайдан пайдаланып, бір тал шашымды есікке байлап қойдым. Егер есікті біреу ашып жатса ол бір тал шаш үзілер еді. Егер сен бозбалалыққа салып түннің жарымында менің қасыма келмекші болсаң ол бір тал шаш айғақ болар еді. Бірақ таң азанда, ол шашты сол қалпында шешіп алдым. Сенің адалдығыңның куәсі болған сол шашты күні бүгінге дейін бес жыл бойы сақтап келем. енді саған бергенді жөн көріп отырмын деді. Оның демі қысытығып өңі сұрланып кетті.
Менің жүрек тұс қалтамда сақтаулы тұрған сол шаш, екеуміздің адал махаббатымыздың айғағы іспетті. Менің оған деген пәк сезімімнің куәсі секілді. Бірақ ол жанымда жоқ. Бір тал шашы ғана сақтаулы тұр.



Қабиден Қуанышбайұлы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу