Өлеңдер ✍️

  18.10.2023
  1030


Автор: Жібек Ысқақова

Жылт еткен үміт (өтінішпен)

Жылт етеді бір үміт жанды тербей,
Ал қиялым шарлайды таңды бермей.
Сыбырлайды іштегі қорқынышым,
Гуілдеген мазасыз, сол бір желдей...

Ақылым мен жүрегім үн қатады,
Бір-біріне бағынбай жырлатады.
Бірі үмітке есік аш десе, бірі,
Қорқынышты бойында, тыңдатады.

Алай-дүлей іштегі бұл жай-күйім,
Бір шешімді қабылдау қандай қиын?!
Ішкі дауыс сөйлейді қақ бөліне,
Ақ пен қара байланған болып түйін...

Арманым мен қиялым қосылып ап,
«Тығылып тұр деп қояд(ы)» жасырын бақ.
Алаңдайды мазасыз күйге еніп,
Бұл ақылым ертеңгі күнді ойлап.

Ішкі арпалыс осылай тартысады,
Ақыл, жүрек шайқасып, талқысады.
Үміт болса шырағын жарқыратып,
Қуанышты үнімен таң құшады.

Ақыл айтты: нық болсын әр қадамың,
Жүрек айтты: ғашық боп, бақ табамын!
Үміт болса үн қатты екеуіне:
Бір болыңдар! Сендермен жақсарамын!

Жібек Искакова, 18.10.2023




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу