Өлеңдер ✍️
Бай деген кім?
Байлар деген — несібелі адамдар,
Байлар деген — қиялға бай жарандар.
Байлар деген — істің тауып тетітігін,
Кедейлерге жұмыс берген бағландар.
Нағыз байдың иманы да бай болар,
Қарыны жоқ, төрт құбыласы сай болар.
Уақыты көп, әр минуты жоспарлы,
Қолы ашық, сауапты ісі мол болар.
Садақаны олар күнде береді,
Жомарт жанға Жаратқан да береді.
Садақасы жүз бәледен қорған боп,
Несібесі үсті-үстіне келеді.
Байлар ылғи білім алып жүреді,
Ал кедейлер, күн-түн өсек тереді.
Бай адамдар өз-өздерін дамытып,
Білім үшін миллиондар бөледі.
Бай адамның армандары өте көп,
Кедейлердің армандауға уақыты жоқ.
Байлар таңғы бесте тұрып жүгірсе,
Кедей жандар кеш тұрады масыл боп.
Байлар жиі мақсат қойып алдына,
Ұмтылады жер-әлемді шарлауға.
Ал кедейлер ғажайыпқа сенбейді,
Қорқады олар жоқты армандауға да.
Қорқады олар пікірлерден, сөздерден,
Қорқады олар «тиеді» деп көздерден.
Өзі сенбей, жетпей қалған бақытқа,
Ұл мен қызы жетеді-ау деп сенделген.
Бірақ сенім бермейді олар балаға,
«Ұрынасың, ойбай оған жолама!»
Деп үнемі, қорқытып һәм үркітіп,
Өсіреді батыр емес бейшара...
Сол себепті бізде қазір кедей көп,
Қайыршы көп, сұраншақ көп, міскін көп.
Ер жігіттер үйленуден қорқады,
Өз-өздерін асырауға дәрмен жоқ.
Альфонстар, алаяқтар, қулар көп,
Қыз тағдырын ойыншық еткен сұмдар көп.
Үш-төрт әйел түгіл жалғыз әйелін,
Баға алмай алқаш болған сорлы көп.
Сөйте тұра жақтырмайды байларды,
Байлар оған көрінеді айбарлы.
Әр намысты адам байи алады,
Арылтса егер қоқыстардан сананы.
Қашса егер жеңілдік пен тегіннен,
Арлы адамдар шығар еді тегінен.
Санадағы қайыршыны өлтірмей,
Бай болмайды ешбір қазақ шынымен!
Гүлмекен Қасенбай
26.11.2022
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter