Шығармалар ✍️
Еңбек етсең ерінбей
Ия, еңбек туралы айтылған әрбір мақал көкейге қонымды екені рас. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, —деген мақалдың өзінің астарында қаншама ой, қаншама құндылық жатыр десеңізші. Еңбек еткен адам ғана өз арман, мақсатына жете алады екен. Қандай мәнсап болсын, қандай іс болсын соның жолында еңбек етпей орындалмайтынын білеміз. Солай емес пе?! Еңбек еткен адам ғана өмірде өз орнын тауып, өмірге басқаша көзқараспен қарайды.
Бойында жалқаулығы бар адам еңбектің қадір қасиетін түсіне қоймасы анық. Олар тек бір күнін ғана ойлап, бір күндік асының барлығына қуанады. Басқа уақыттарда ізденбейді, жүруіненен жатуы көп болады. Ертең жасай саламын, кешке жасай саламын деген сөздер олар үшін күнделікті сөздеріне айналып үлгереді.
Ал өз ісін тиянақты жасайтын, өз істеріне аса жауапкершілікпен қарайтын жандарды еңбексүйгіш дер едім. Олар таңның атысы демей, күннің батысы демей өз ісін жақсы атқару жолында аянбай еңбек етеді.
Бізді қоршап тұрған үйлер, мектептер, ауруханалар және зауыттар, адамның қолымен тұрғызылған солай емес пе?! Оларды тұрғызудың өзі қаншама еңбекті талап етті, қаншама маңдай тері шықты десеңізші. Зерттеулерге қарасақ планетамыздағы ең еңбекқор халық – жапондықтар екен. Ия Жапония – үлкен технологиялық жетістіктерге жеткен мемлекет. Біз оларды үлгі тұтуымыз керек. Әрбір Қазақстандық халық игілігі үшін ерінбей тер төгер болса, болашақта біздің елімізде де биік шыңдарды бағындыратыны сөзсіз деп білемін.
Ал бала тәрбиесіне келер болсақ, әр ата-ана баласына: «Сабағыңды жақсы оқитын болсаң, келешекте соның жемісін көресің, оқу барда білім бар, білім барда көптеген жетістіктерге қол жеткізесің» —деп олардың білімді болуына жол салуымыз керек.
Жалқаулық болады, әр адамда байқалады, бірақ жалқаулықты бойымызда билетпей, еңбек ету жолында барымызды салсақ бізге бағынбайтын қамал болмас. Уақытымызды босқа өткізбей, уақытымызды білім алу мен еңбек етуге жұмсай білсек біздің алар асуымыз көп болмақ!
Барлық саланы қамтитын, еңбектің айқын көрінісін көрсететін еңбек күні құтты болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter