08.10.2023
  129


Қазақ әндеріндегі тіл мәдениеті


«Нағыз қазақ, қазақ емес, Нағыз қазақ- домбыра», «әу демейтін қазақ жоқ»
Осы күнге дейін болмысы бұзылмаған осы тіркестерден-ақ қазақ халқы үшін әннің алар орны ерекше екендігі көрінеді. Бүгінгі ұрпаққа ел мен жер ғана емес салт-дәстүр, әдет- ғұрып, мәдениет те ата-бабаларымыздан аманатқа қалған асыл мұра. Ал ән біздің тарихымыз бен салт-дәстүрдің ажырамас бөлігі. Бұның нағыз дәлелі Абай атамыздың «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең»-деген өлең үзіндісі, иісі қазақ шаңырағындағы баланың туылғанан- топырақ қойнына тапсырғанға дейінгі болатын салт- жоралғылардың көрінісін баяндайды. Ал тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» -деп шырқалған зарлы ән жоңғар шапқыншылығының ауыр кезеңдерін бастан кешірген қазақ халқының күй-жайын жеткізген. Осылайша ән, қуанышта да, қайғыда да күпті көңілдің шерін тарқатудың, бозбала мен бойжеткеннің масайрап маздап жанған сезімдерінің ортақ тілі бола білген.
Мемлекетті әлемнің төрт бұрышына танылтатын бірінші спортшылар болса, екіншісі әрине өнер иелері. Олардың ішінде Еуропада тұңғыш рет домбырамен қазақша ән шырқап елімізді әлемге танылтқан Әміре Қашаубаев болса, бүгінде Димаш Құдайберген. Әннің қайда және кімнің орындағанынан бөлек әннің сөзі әрдайым маңызды. Бүгінде заман талабына сай, тыңдарманның сұранысына байланысты жеңіл-желпі әндер көп. Бірақ бұл мәні мен мағынасын жоғалпаған әндердің орнын баса алмайды. Әрине бұл менің жеке пікірім. Дегенменен талғамы биік тыңдарман әрқашан алдымен әннің мағынасына, берер ойына мән береді. Өзін құрметтейтін әншілер де арзан атақтан аулақ болуды жөн санайтыны анық.Тілдің тазалығын сақтап, әндерінде сөздің маржанын теріп әуезді әуенмен әдемі үйлестіріп жүрген орындаушылар да жоқ емес. Мысалы Құрмаш Махан, Ғазизхан Шекербек, Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Қазыбек Құрайыш сынды орындаушылар өз тыңдармандарын ешуақытта жоғалтқан емес. Әрине заман талабы өз алдына, оны тоқтатуға біздің пәрменіміз жеткіліксіз. Біздің қолымыздан жалғыз келетіні заман ағынынан қалмай даму және адами құндылықтарды, асыл мұраларды, сөз қадірін жоғалтпай болашақ ұрпаққа жеткізу.
Қорытындылай келе, асыл тас қанша қоқысқта жатқанымен өз бағасын жоғалтпайды. Мағыналы-мәнді ән де асыл тас секілді, қаншама заманауи жаңа бағыттағы әндер енгенімен, ол өз құндылығын, өз тыңдармандарынан айрылмайды. Қасиетті сахна осындай әндерге арналған. Ол әндерді тыңдайтын талғамы биік тыңдарман да әрқашан табылады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу