Өлеңдер ✍️
Алматының кеші еді, күн тұнық…
Алматының кеші еді, күн тұнық,
Осы кеште жатыр қанша сыр тұнып.
Кештеу қайтқан кезім еді, жұмыстан,
Ағылысқан автобусқа ұмтылып.
Тарихынан тағы бір күн еңсеріп,
Шаршаған жұрт, қалғып-мүлгіп, теңселіп.
Қартаң ана, ортада тұр, орын жоқ,
Қалың ойлар дидарына өң беріп.
Дəл жанында бір орынға мінгесіп,
Жігіт пен қыз отыр еді тілдесіп.
Бірін-бірі жеп қоярдай сүйісті,
«Бұлары несі, ұяттан безген кім» дестік.
Қартаң ана, жерден басын ала-алмай,
Жөткірінді, оған бірақ қарамай,
Махаббаттан басы айналған қос бейбақ,
Аймаласты, ағаттыққа баламай.
Ұят болды-ау, жандар едік санатты,
Ессіз жастар, елді жерге қаратты.
Автобустан түсіп жатқан қарт-ана,
Бұл қоғамға қарғыс айтып баратты…
Кетпей қойды, сол ұятты күн көңілден,
Сезім орын алар жүрек төрінен.
Автобуста елді жерге қаратқан,
О, махаббат, сен осындай жеңілме ең?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter