Өлеңдер ✍️

  10.09.2023
  77


Автор: Шөмішбай Сариев

Салой

Салойда болдық Салойда,
Салойда күннің бәрі ойда.
Бағы да болған бұл жұрттың,
Қоныс та болған талайға.
Толқынданған биінен ән құты,
Теңіз екен бұл бір елдің бар құты.
Колизия – қалдығы жатыр Римнің,
Сан ғасырдық сарқыты.
Тәңір қолдап, ерекше боп жаралған,
Испания – ұлы елінің бәрі арман.
Салойда екен бір қанаты теңіздің,
Бұл бір теңіз жер ортасы саналған.
Мүйізденген толқын асау сүзгендей,
Толқын шайып, айдындардан із көрмей.
Сол теңізде жүздік-жүрдік еске алып,
Ұлы Аралдың теңізінде жүзгендей.
Ләззат алып шапағындай жарқылдан,
Мөлдірлігі кейін емес алтыннан.
Ұлы Аралдың шағаласы сияқты,
Шағалалар көк айдында шарқ ұрған.
Уақыт деген бір бұрылып қарай ма,
Бәрі есте, бәрі, бәрі, бәрі ойда.
Жағалауда жалаңаш бір арулар,
Осылайша өтті күндер Салойда...

14 маусым 2014 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу