25.07.2023
  164


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

Автобиографиялық әңгіме

 


 


         Осы ғасырдың  1924 жылы, яғни тышқан жылы қысқы қаңтар айының басында дүниеге келіппін. Руым– Ашамайлы Керей ішінде Бексейіт–Балта. Арғысын айтсам Танаш бидің ұрпағымын. Туған жерім – Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданы /қазіргі Шалақын ауданы/ Ортақкөл ауылы. Осы топырақта өсіп-өніп, тамыр жайдым.


         Әкем Иманбай Қаражігітұлы мен туғанда 54 жаста екен.Анам  Әйткүл Жантөреқызы 44 жаста екен. Мен ата-анамның сүт кенжесімін. Базар, Назар деген екі ағам болды. Үлкені Базар 1962 жылы 54 жасында дүние салды. Балалы-шағалы еді. Екінші ағайым Назар 1942 жыл Харьков түбіндегі шайқаста Ұлы Отан соғысында қаза тапты.  Апайым Бибіш (Бибіғайша)  осы ауылда тұрды.


         Әкем колхоз құрылғаннан өмірінің соңғы сағатына дейін бұрынғы «Ортақкөл» колхозында қатардағы колхозшы болды. 1944 жылы


25 мамырда 74 жасында қайтыс болды. Анам 1946 жылы 19 сәуір күні дүние салды.


         Бала кезімде аз ғана уақыт Түмен облысында отбасымен көшіп- барып, мал баққаным бар. Колхозға келген соң жер жырттық, тұқым септік. Мен сауат ашуды кеш бастадым. 1938-39 жылдары ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, Баянға оқуға келдім. Екі сыныпты бір жылда оқып жетінші сыныпқа көштім. Жетінші сыныпты да үздік бітірдім. Жасым есейген соң оқығандықтан ба, оқуға аса құштар болдым. Жанталаса оқып, мектеп бітірген соң университетке түсуді армандадым.


         1941 жылы өкпем қабынып, ауырып жатып қалдым. Ол кезде  ауылда дәрігер жоқ. Ұзақ азап шегіп көктемде ғана басымды көтердім. Ауыр науқас әбден жаншып тастағанына қарамастан емтиханға дайындала бастадым. Бірақ тапсыруға халім жоқ. Жаз шыға соғыс басталды.


         Біздің қырық үйлі ауылымыздан отыздан астам жігіт майданға аттанды. Тай-құлындай тебіскен бауырым мен достарым соғысқа аттанды.  Аудандық соғыс комиссариатындағылар мені жарамсыз деп ауылға қалдырып кетті. Жігіттер қолдарына қару алып отан қорғауға аттанғанда мүгедек болып қалып қою мен үшін қорлық болып көрінді. Шындығында да дәрігер айтқандай, мен мүлде жүруге жарамай қалдым. Омыртқа туберкулезіне шалдығып, қатардан мүлде шығып қалу қаупі болды.


         Аудан ауруханасына барып,  Шейн деген білімді фельшерге қаралып едім, басын шайқап:


–Шырақ, сенің ауруыңның әзірше емі жоқ,  –деуі бар ғой. Бұл тура өлім жазасына кесілген үкімді жарияландай болды. Ауылға қайтарда сары ат жеккен арбада шынтақтай жатып:


–Апырау,  –деймін – шынымен өлетін болғаным ба? Бар мақсатым мен арманым жерге көмілетін болғаны ма? Жо-жоқ, өле қалу ақылға сыймайды. Мен өлмеймін, өмір сүремін. Өмір, өмір... - деп көз жасым сорғалап келеді.


         Мен ол кезде небары он сегіз жаста едім. Жап-жас адамның өлуі қасірет болатын. Майданда жас қыршындар мыңдап қырылып жатқанда мен деген не, тәйірі?! Ажал келсе өле қалармын, – деп тағы ойлап қоямын. –Жоқ, –дейді тағы бір ой. – Жастар майданда қырылса жаумен жағаласып, ұлы мақсат жолында жан беріп жатыр. Мен болсам елге қызмет етіп, пайдамды тигізбей текке өлгенім ғой. Жо-жоқ...


         Қару көтерген жастар майданда жүр. Ауылда бас көтерер адам қалмады. Бала-шаға, қыз-қырқын, аналарымыз бен әжелеріміз. Күн-түн жұмыс. Рахаттанып демалу деген жоқтың қасы. Қарап жата алмай колхозға есепші болып орналастым. Кеңседе отырып емес, жатып есеп жұмысын жүргіздім. Маған қиыны үйдің жанындағы елу метр қашықтықтағы кеңсеге жету болды. Еңбектеп, домалап дегендей кеңсеге әрең жетемін. Жетіп алған соң жұмысты қыздырып-ақ жіберемін. Соғыстың өн бойында осылай жұмыс істедім. Алпыс шақырымдық ауданға есеп бере барғанда жадағай арба үстінде көсіліп жатар едім. Тұрып отыруға мүмкін емес. Мекемеге кіріп болған соң тағы сол жайдақ арба, азапты жол.


         1944 жылы үйлендім. Мүшкіл халімді көре тұра өз тағдырын қосқан өмірлік сапарласым, қазіргі он баланың анасы Бикамал /Кәмеш/ Байқасқызы ол жылдары небары он алты-ақ жаста еді. Мен жиырмада болатынмын. Ауыр халімді жеңілдетіп қатарға қосылуыма бірден бір жәрдемші болды. Соғыстың өн бойында есепшілікке шыдап бақтым. Өйткені мен болмасам бұл жұмысты істейтін бірде бір адам жоқ-ты. Жеңіс күні туды, майданға кеткен жігіттердің бірлі-жарымы қайтып оралды. Мен мүлдем жатып қалдым. Жату, тек жату ғана. Баяғы фельшер көз алдыма келеді. «Өлесің, сенің дертің дауасыз» дейді. – Жоқ! –деймін мен.


         Жылдар өте берді. Мен төсектемін. Түкке пайдасы жоқ тастанды адам болып қалу қасіреттің зоры. Жатқан соң бір ермек керек. Кітап оқисың ба, ой ойлайсың. Кітапты алғаш ермек үшін оқып едім, кейін білімнің сарқылмас бұлағы деп танып, жүйелі түрде оқи бастадым. Университетті арман етсем, жатқан адамға мықты университет осы кітап екен.  Арғы-бергі заманда өткен орыс және дүние жүзі классиктерімен сырластым. Кітап ол кезде тапшы. Қолға түскенді оқи бересің. Оқитын кітап табылмаса бір оқығанды қайталап оқисың. Енді автордың айтайын деген ойын, түпкі мақсат-бағдарын зерттей оқисың. Кейіпкерлерді мүсіндеу, даралау, сомдау процесіне көңіл аударасың. Кейіпкерлер не себепті басқаша емес осылай сөйлейді. Кейіпкерге осындай іс-әрекетті таңып отырған автордың мақсаты не? Жазушы адам характерін немесе портретін, табиғат суретін қандай детальдармен берді? Тіл құнарлығы қандай?!...


         Кітапты осылай үңіле, жүйелей оқып көп нәрселерге түсінгендеймін. Жазып көрсем қайтеді деген ойға келдім. Жазып едім оңбай жатыр. Қағазға қорлықты көрсетіп бақтым. Сызу, жырту, отқа жағу тағы жазу. Баспа орындары қайтарып тастайды. Ана жері жетімсіз, мына жері ұнамайды екен, басқа жазғаның болса жібер –дейді. Жаза берем, жырта берем. Бір күні бір хат келіп отыр.


–Шырағым, сенен жазушы шықпайды, басқа бір пайдалырақ кәсіпке кетсейші!  –депті.


–Жоқ! –дедім мен. – Ойлаған мақсатыма жетпей қоймаймын!


–Оқи бердім, жаза бердім, жырта бердім. Білімнің жетіспеушілігі көрініп-ақ тұр. Жазушы болу үшін энциклопедист ғалым болу керек. Бірақ ұлы Горький қай университетті тауысып еді? Оның университеті өмірдің өзі емес пе? Рас Горький шабата киіп, бүкіл Ресейді жаяу кезіп шықты. Менде өйтуге хал бар ма? Горький байыса кітап сатып алмақшы болған. Менде байлық та, кітап та жоқ. Сол кітап тапшылығы-ақ құртып тұр. Көрші ауылдардың шағын кітапханаларын оқып тауыстым. Қазақша болмай қалғанда орысшасын оқыдым. Ол тіпті пайдалырақ болды.


–Білімге қатты шөлдеген басым жақсы ұйықтағанда әдемі түс көріп, мектеп партасында сабақ оқып, қуана күліп жүретін едім. Мектепті осы күнге дейін сағына еске аламын. Себебі білім шәрбатына ернім тие беріп тағдыр тартып әкетті ғой. Әйтсе де онжылдық бағдарламасын игеруге ұмтылдым. Алгебра, геометрия қиынға соқты. Математикаға ту бастан шорқақтау едім. Сонда да өз бетіммен білімімді жалғастыра бердім. Мектепте оқып жүргенде «Ленин туы» газетіне шыққан өлеңдерімді оқып көрсем өте нашар екен. Өлеңнен түңіліп прозаға көштім. Чеховтың қысқа әңгімелеріне еліктеп жазғандарымды газетке жолдасам баспайды. Тағы да оқу, іздену...


         Ақыры 1953 жылы шілде айында «Жұлдыз» журналы «Қанатты өмір» атты қысқа әңгімемді басып шығарды. Қуаныштың көкесі болды. Талабыма мысқылдай күлетіндер құттықтай келді. Бір әңгімемен жазушылар сабына қосып тастады олар.


–Жоқ, әлі ертерек оларың! – деймін ойға қалып.


           Оқи бердім, жаза бердім. Келер жылы «Ленин туы» газетіне әңгімелерім басыла бастады. «Кеселдінің кесірі», «Мансапқорлар», «Сойдақ тіс» және тағы басқа әңгімелерімді оқырмандар қызыға оқи бастады. Қызығатын себебі – бұлар ауыл өмірінен ойып алған шындықтар болатын. «Ленин туы» үздіксіз басты. Республикалық газет-журналдардан да әңгімелерім жиі көріне бастады.


         1956 жылы Алматыда өткен республика жас жазушыларының маслихатына қатысып қазақ Совет әдебиетінің алыптары  Мұхтардың Сәбиттің, Ғабиттің, Ғабиденнің және басқаларының жүзін көріп, сөздерін естідім. Әңгімелерімнің қолжазбасына жылы сөздер айтты.


         1959 жылы Қазақстан Жазушыларыны IV сьезіне  қатыса барған жолы тұңғыш әңгімелер жинағым «Бастаманы» алдым. Келер жылы «Сырымбет» жарық көрді. Сонан соң «Арлан», «Дала көктемі», «Кең аймақ», әрі қарай жылма жыл жинақтарым жарық көре бастады.Өйткені 1981 жылы он бесінші кітабым, одан кейін «Ауыл түтіні», 1987 жылы «Солмайтын гүл» повестер жинағы жарық көрді.


         Мен әдебиетке осылай келдім. Әдебиетке келуін келсем де, біраз жинақтарым шықса да тындырған ісіме әлі де көңілім толмайды. Қайтсем көпшілік көңілінен шығатын шығарма жазам деп жанталасамын. Әлі де жақсы кітап жазам деп аянбай еңбектене беремін деген ойдамын.


         1938 жылдан 1946 жылға дейін комсомол қатарында болдым. Ал 1946 жылы КПСС мүшелігіне кандидаттыққа өтіп, 1947 жылдың ақпанынан  КПСС мүшесімін.


         1960 жылдың көктемінен СССР Жазушылар одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін.


         «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу қарсаңындағы ерлік еңбегі үшін», «Ұлы жеңістің ХХХ жылдығы» медальдарымен марапатталдым.


         Қазақ ССР Жоғарғы советінің грамотасы мен «Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің екі құрмет грамотасымен және көптеген грамоталармен марапатталдым.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу