Әңгімелер ✍️
ҚОЯН ҚОРҚАҚ ПА?
Жазғы түн. Орман қалғып тұр. Құстар сайрауын қойған. Қалыңды паналап қасқыр, бұтаны паналап қоян мен құрлар жатыр. Орман жыртқышы сұр қаршыға да қалғып кеткен.
Байғыз ғана ояу. Ол түнде күндізгіден артық көреді. Алақандай сары көздері отша жанып, төніп өтеді. Жауыз деген қасқырдың өзіне де түйіледі. Түлкінің ойлайтыны баяғы бір қулық, реті келсе байғыздың өзін қағып түспек. Байғыз да түсінетін сияқты, шалып өткенімен бой салып жақындамайды.
Табиғат патшалығына жаңа бір жан иесі қосылды. Небары қол басындай ғана. Туғанына бірер сағат өтіпті. Енесінің уызын бір рет сорып үлгерген. Мәңгілікке тастап кеткен қатыгез ананы енді ешқашан көрмек емес. Бұл қоян көжегі еді.
Көжекке қараңғы дүниенің сыры мәлім емес. Таңның ататыны, күннің бататынынан хабарсыз. Өзінің жаулары кім, достары кім екенін де білмейді. Көжек құлақтарын қағып сілкінді де, екі-үш аттады. Екі-үш аттауы мұң екен, көзі қиядан шалатын байғыз жайқап өтті. Көжектің зәресі ұшып, тығыла қалды. Ажалмен бетпе-бет кездесіп, құтылып кетті. Бұл алғашқы сабақ. Шөпті сылдырлатпай, ақырын басып жап-жақын жерден түлкі өтіп барады. Түлкі ық беттегі көжектің иісін сезбеді. Көжек көздері бақырайып жата берді. Екінші ажалдан қалды. Көжек екі-үш аттап еді. Оқ жыландай атылып жіп-жіңішке сары күзен жөнелді. Әлдеқандай із қуып бара жатыр еді. Шөп арасындағы титімдей мақұлыққа назар аударған жоқ.
Көжек бұғып отыр. Қалшылдап тоңып әрі қорқып отыр. Аранын ашқан ажалдың ортасында қалғандай. Бір кезде дүниені нұрға бөлеп күн шықты. Күн аспан биігіне көтерілген сайын қыздыра бастады.
Көжек артқы аяқтарынан тік тұрып алып, ғажайып дүниеге таңдана қараумен болды. Өзінің жалғыздығын да, әлсіздігін де ұмытты. Құлағына, басына келіп қонған қара шыбынды өжеттене үркітіп жіберді. Өзгеше күш пайда болды. «Алақай, күн барда мен ешкімнен де қорықпаймын!» – деді. Соны айтты да секіріп шалғынның арасына сүңгіп кетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter