24.07.2023
  106


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ЕМ

Ертеде бір кедейдің жалғыз баласы қатты науқастанады. Ешбір ем табылмайды. Бала жуадай солып, әлсірей бастайды. Жалғыз баласы үшін жан беруге бейіл кедей алыс қалада тұратын Лұқпан хакімге сапар шегеді. Көлігі жоқ екен, баласын қоларбаға отырғызып алып, шөл дала, қиын асулардан өтіп, арып-ашып ғалымға да жетеді. Баланы зер салып, ұзақ қарайды да ғалым:


– Сіздің мұншалық бейнет көріп келгеніңізге жаным ашыса да, қолымнан келері жоқ, бұл дауасыз дерт екен, – дейді кедейге. Амалы құрыған кедей шөл даламен қайта жолға шығады. Баласы да, өзі де қалжырап, жалғыз сексеуіл түбіне аялдайды. Шөлдің тырбық сексеуілінің көлеңке боларлық саясы да шамалы екен. Аспан айналып жерге түскендей ыстықта әлі құрыған кедей құтыдағы соңғы шалабын тостағанға құйып, көлеңкеге қояды да, өзі қалғып, ұйықтап кетеді.


Ояна келсе, сала құлаш қара сұр жылан сусынды сарқып ішіп тұр екен. Кедей еңіреп жылап жібереді.


Сол кезде жылан басын көтеріп, ысқырып қалып, ішкен шалабын тостағанға қайта кұса салады да, кетіп қалады. Құсық-шалап быжылдап қайнап барып басылады. Ауру бала сусын сұрайды. Кедей су іздеп, қыр асып кетеді. Шөлге шыдамаған бала жылжып барып, тостағандағыны ішіп салады. Сол-ақ екен, жартылай жансыз денесіне қан жүгіріп, әлдене бастайды.


Әкесі арып-шаршап, құрқол қайтқанда баласының арба жанында қаз-қаз басып жүргенін көреді. Кедей өз көзіне өзі сенбей, аңтарылып тұрып қалады. Мешел бала елге өз аяғымен жетеді.


Кедей бір күндері баласын ертіп Лұқпан хакімге тағы барады.


       – Мәртебелі ғалым, сізді дерт иесі Лұқпан дейтін еді. Қолыңыздан сауықпаған адам болмапты.  «Дауасыз дерт жоқ» деп өзіңіз айтады екенсіз. Мына баламды емдемедіңіз, дерті дауасыз дедіңіз. Көріп тұрсыз, бала сауығып кетті, осы қалай? – деп сұрақ қояды оған.


Қарт ғалым баланың өн бойын шолып қарап, аз отырады да:


       – Рас, дауасыз дерт жоқ. Бұл балаға керек ем өте қиын болатын.


       Жапандағы жалғыз сексеуілдің терең тамырына жақын мекен еткен қара сұр жылан шығып, қара сиырдың сүтінен ұйыған қатықты ішіп, оны дереу қайта құсса, бала сол құсықты ішсе ғана сауығатын еді. Зарыққаныңа орай сондай бір кездейсоқ жақсылыққа тап келген сияқтысың, – дейді ғалым.


       – Иә, данышпаным, дәл солай болып еді! – деп, кедей болған оқиғаны баяндайды. Содан былай адамдар жылан уын емге қолдана бастаған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу