Өлеңдер ✍️

  14.07.2023
  452


Автор: Серікбай Оспанов

Айналайын...

Айналайын!


Маған тағы қарашы,


Сенің көзің қараның ең қарасы!


Сүйем деген сөзің сонда жазылған,


Тұр шуақты қазақтың кең даласы!


 


Қара!


Қара!


Қара маған тағы да,


Нұр құяды,


Жыр құяды жаныма!


Неткен мөлдір,


Неткен таза –


Кіршіксіз,


Жетелейді мені жастық шағыма.


 


Неткен сымбат!


Неткен сұлу, пәк едің,


Мен жанымның таптым сенен бар емін!


Жанарыңда барлық ішкі әлемің!


Әдемім-ау,


Әдемім-ау,


Әдемім!


 


Кез келтірген қарашы Алла бұйрығын,


Жанарыңа түскен мені сүйді күн.


Сүйді Ай нұры түнде көзіңе үңілсем,


Аймалады жанардағы мейрімің!


 


Қара!


Қара!


Маған ғана қара сен!


Көзің – көктем,


Жазғы жарқын дала – сен!


Саған біткен тым ерекше қас-қабақ,


Жүргенің де,


Күлгенің де –


Бәрі әсем!


 


Бақыт құшам жүрсең өзің жанымда,


Қара!


Қара!


Ора мені жалынға!


Қара!


Қара!


Қара маған, қара сен,


Сен сұлусың маған қарағаныңда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу