Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.07.2023
185
Жар тілегі
Маған, жаным, керек емес
лағыл тасты сақина,
Сенің мені бір құшып ол
сүйгеніңе тати ма?!
Білезік те керек емес
сом алтыннан соғылған,
Мәңгілікке ұстағайсың
өзің ғана қолымнан.
Керегі жоқ алтын сырға,
керек емес алқа да,
Мұның бәрі байланысты
жүрекке емес, қалтаға.
Жылтырақ зат алып бер деп
мазаңды алған емеспін.
Жылтырақсыз сені сүйдім,
жылтырақсыз мен өстім.
Маған деген махаббатың
қымбат маған алтыннан.
Шындап сүйсең – сүй өртеніп,
демің жетсін алқынған.
Жайма-шуақ болып әр кез
қаласаң күн тұруын,
Жүрегің мен алақанның
сыйла маған жылуын!
Сәл ғана сен жабырқасаң, жаным менің жылайды,
Бақытым-ау, тілейтінім –
шынайылық шырайы!
Әрқашан да биік болсын
тауың – шыққан биігің,
Сенің басың иілмесе,
менің де тік иығым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter