Өлеңдер ✍️
Ашылмай тұр бүгін де күн қабағы...
Ашылмай тұр бүгін де күн қабағы,
Домбырамның ішегін мұң қағады.
Құлағымда – күлкісі сыйқырлаған,
Көз алдымда – билеген сырғалары.
Әр айтқаны әсерлі – ойымда әлі,
Жанарына жанарым тойынбады.
«Сүйемін» деп жүрегім лүпілдеді,
Ақылым да осыны мойындады.
Қас қағым сәт, бақыт боп сәтті өтіп ең,
Қалам ойға,
Мен енді қатты өкінем.
Сүйіп неге алмадым-ағасынып,
Айналайын, - деп сонда ақ бетінен?!
Ақкөңілі алғаусыз аппақ екен,
Маңайында болдым деп мақтан етем.
Құйған шайын құныға іше бердім,
Құйған шайы армандай тәтті-ақ екен.
Махаббатта байқадым сел, күш барын,
Сен жүрген жер болар-ау енді ұшпағым.
Жалғап жүрді бір кесе арамызды,
Мен де ұстадым, кесені сен де ұстадың.
Көзіңдегі сөздерді оқып әбден,
Шаттандым-ау шілтерді тоқып әннен.
Бір кесе емес, бірнеше жалғап себеп,
Мәңгі-бақи осылай отырар ма ем?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter