Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  59


Автор: Серікбай Оспанов

Махаббат па бұл, естім-ау...

Махаббат па  бұл,  естім-ау,


От, суын мен де кештім-ау.


Ұғып та жүрген жоқсың сен,


Ұқпай да  жүрген  жоқсың-ау.


 


Бәрі де жалын, бәрі де от,


Жүрмісің  әрі-сәрі   боп?


Махаббат  мәңгі   жастығың


Жап-жасыл, қызыл, әрі көк.


 


Махаббат деген  әрі  алау,


Жеткізбес алыс жағалау.


Аспандап ұшу, армандау,


Ұшам деп қанат сабалау.


 


Жетем деп алға ұмтылу,


Бір жығылу да бір тұру.


Ағаштай солып,


Қайтадан


Көктемдей болып құлпыру.


 


Жүрекке от боп жағылу,


Сағыну әрі зарығу.


Ақылдан, естен адасып,


Адамға адам табыну.


 


Махаббат шың ғой тым биік,


Махаббат көл ғой тұңғиық.


Отымен оның жылынып,


Мөлдіріне бір сүңгиік.


 


Махаббат сезім биігі,


Махаббат көңіл киігі.


Түйіні екі жүрекгің,


Жалт еткен көздің қиығы.


 


Дір еткен тәтті еріндер,


Тасыған көлдей көңілдер.


Өмір дер өлмес бір сәтің,


Біріккен мәңгі сенімдер.


 


Махаббат жыр ғой ғажайып,


Махаббат сыр ғой ғажайып.


Сөздермен емес,


Көзбенен


Қосылып бір жыр жазайық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу