Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Бір күн бірге өзіңмен болғанымда...

Бір күн бірге өзіңмен болғанымда,


Сансыз ойдың қамалдым орманында.


Жасыл жайлау,


Киіз үй,


Салқын самал,


Үнсіз күліп отырдың оң жағымда.


 


Тау бұлағы тамаша айтады әнін,


Ғашық әуен!


Мен іштей қайталадым.


Барады ұнап мінезің, әр қылығың,


Үнсіз ғана басыңды шайқағаның.


 


Әрі жақын,


Әрі алыс арман қалай,


Менен қазір жоқ шығар жалғанда бай.


Көкжиекке ұмтылған айдай болып


Жылжи бердім ақырын саған қарай.


 


Күлгендей ме мұныма тыста бұлақ,


Келді мөлдір бұлаққа ұқсағым-ақ.


Өзімді өзім отырдым әрең тежеп,


Сүйсем  етті  өзіңді  құшағыма   ап.


 


Іштей ғана қинала қиялдадым,


Қалай ертең ұмытып, қиям бәрін...


Сен ренжіп қалар деп қипақтаумен,


Сүйгім келіп тұрса да, сүйе алмадым.


 


Әрі жақын, әрі алыс армандай боп,


Отырдың сен,


Сөзіміз жалғанбай көп,


Қайттым үйге өзіңді шығарып сап,


Жүрегімнен айрылып қалғандай боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу