Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.07.2023
135
Сағыныштың сезіп ем талайын мен...
Сағыныштың сезіп ем талайын мен,
Сағынысу басқа екен ағайынмен.
Сағынысу басқа екен сүйіктіңмен,
Қайдан іздеп, қалқам-ау, табайын мен?
Қысқа еді біз жүрсек түнде көше,
Қолтықтасып кетуші ек күнде кеше.
Аспандағы сұрайын Айдан да мен,
Күннен де мен сұрайын тілге келсе.
Ақ қайыңнан сұрайын бақтардағы,
Теректерден сұрайын шатқалдағы.
Тіл қатса егер сұрайын
Қолымдағы
Сыйға берген сырластың ақ балдағы.
Өткіздің-ау жұмбақпен жылдарды, еркем,
Бар әлемнен сұрайын тыңдар ма екен?
Қара көзді қайдасың, қара қыз-ау,
Жолығатын екеуміз күн бар ма екен?!
Бәлкім сен де бір мені армандайсың,
Кейде өртеніп алаулап жанғандайсың.
Қара көзді қара қыз, іздеп өтем,
Бұл өмірде, әйтеуір, бар болғайсың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter