Өлеңдер ✍️

  09.07.2023
  50


Автор: Серікбай Оспанов

Шықса да, батсадағы күн қызарып...

Шықса да, батсадағы күн қызарып,


Мен болып күллі сәуле, күллі жарық,


Жұп-жұмсақ жастығыңа, білегіңе


Жатыр ма жанарыңнан жұлдыз ағып?


 


Көрінер бірде жақын, бірде алыстан,


Арманың ұқсап қалып тырнаға ұшқан,


Қосылып меніменен бірге ұша алмай,


Өртеніп жатырсың ба қызғаныштан?!


 


Кел деші, қанат бітіп ұшып барам,


Шын сүйсе ұқсайды екен күшікке адам...


Оңбаған обалыма қалды ғой деп,


Әлде сен отырсың ба ұрсып маған?!


 


Білесің көңілімнің көл екенін,


Сонда ғой назданудың сен еркенің!


Сіздің үй телефонын мазалаумен,


Шаршады менің қара телефоным.


 


Көңілің қоймаса да арайлана,


Қарашы мені ойлап бір шарайнаға!


Қарасаң шарайнаға, аржағынан


Көрінбес екенмін мен қалай ғана?!


 


Өйткені мен емес пе жарың, жаның,


Өйткені сен емес пе жаным-жалын?


Отырсаң оңбаған деп ойлап мені,


Бәрібір, ол да мені сағынғаның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу