Өлеңдер ✍️

  07.07.2023
  92


Автор: Серікбай Оспанов

Отыздамын

Қартаюға, қажуға асығар кім,


Отыздамын, қалайша жасырармын.


Ұяң болсам, мен енді ашылармын,


Тентек болсам, мен енді басылармын.


 


Отыздамын!


Миымды ой бұрғылауда,


Түсіп қалған секілді бір бұғауға,


Бұлқынады жүрегім,


Ұмтылады


Биіктерге!


Бола ма тұнжырауға?


 


Үсті-үстіне кеудемді ұрғылауда,


Болмайды деп құнжиып, құлдырауға.


Жастық шақта болдым мен сәл жасықтау,


Жастық шақта болдым мен жындылау да.


 


Көктемім-ай!


Қол бұлғап қалдың ба шын?


Соңым – соқпақ,


Ақ басты алдымда шың.


Жүрегіме жып-жылы ұя салған,


Енді, бәлкім, оралар қарлығашым?!


 


Өтіпті өмір отыз жыл алуан түрлі,


Бүгін сергек барлаймын алды-артымды.


Қайғы болып кеудемде қалған түнді,


Мерейленіп, мейірім қанған күнді...


Қимасымды – аяулы адамымды,


Туған жерді сипаған табынымды.


Жастығымды – пәк жанды бала күнді,


Ғашығыма сыйлаған лала гүлді...


 


Ғұмырыңның өтуі қас қағым-ау,


Енді түсе бастайды шашқа қырау,


«Аға» дейтін інілер көбейіпті,


Отыз жас-ай,


Ойлантып тастадың-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу