Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Үміт оты

         Жұмахан Оразбекұлына


 


Шилі, Балдай, Тауман, Бестау, Қаротта


Болған емес фабрика, завод та.


Жерошақтан, зираттардан көрінген


Қараушы едік жылт-жылт еткен сан отқа.


 


Бірі – өткен күн,


Сол оттардың бірі – үміт,


Тұрушы еді көз ұшында ілігіп.


Отты көріп жаның бірден жылынып,


Сол бір отқа жетсек деуші ек жүгіріп.


 


Далада адам адасатын кезі көп,


От көрінсе жетсек дедік тезірек!


Сол от бізді демеп кейде жебеді,


Ойладық біз оны ауылдың көзі деп.


 


Бірі – жалған,


Сол оттардың бірі – арман,


Арман бізді биіктерге шығарған!


Жалғаны да жалған емес, түсінсек, –


Бабамыздың басындағы шырағдан!


 


Жетелейді от, сиқыры оның бар қандай,


Лап ете қап, қайта сөніп қалғандай.


Көрінетін көз ұшынаң көзді арбап,


Әрі үрейлі, әрі ол асқақ армандай!


 


Қарайтынбыз ойланып та, толғанып,


Көбі арман мен ошақ оты болды анық!


Әлі мені адастырмай келеді


Бала кезде жетелеген сол жарық.


 


Алғы күннен өшпес жарық тосамын,


Бар үш балам, сүйген жарым – қосағым.


Сол үш балам үш ошаққа айналып,


Мыңға айналсын жалғыз жанған ошағым!


 


Көз қиығын салшы, інім, салшы, аға,


Кешке қарай жарқырайды от қаншама?!


Оты өшпесін терезенің, ошақтың! –


Ақ тілегім – әлемдегі баршаға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу