Өлеңдер ✍️
Той бүгін...
Той бүгін.
Туған күнің, айналайын,
Кетті ғой хабарласпай, қайда ағайын?!
Күлкің де сыңғырлаған
Достарың мен
Секілді жарасатын барда ағайын.
Секілді жарасатын барда апайың,
Көкке бір шаттығымды самғатайын.
Ешқандай қаражаттың керегі жоқ,
Керегі тек жылы сөз қарапайым.
Күндердің өздеріңсіз көбі мұңды,
Қысқартып өтіп жатыр өмірімді.
Ештеңе, ей, ағайын, тілемеймін,
Болғаны бөліп берсең көңіліңді.
Отырмын ой үстінде сәбиіммен,
Хабарсыз жатырсыздар жай-күйімнен.
Көңілді алау-жалау бассаңдаршы,
Шынайы ағайын деп таниын мен.
Сендерсіз өтіп жатыр думандарым,
Сендерді қуантпай ма қуанғаным?
Келмеңдер ештеңе алып,
Өздеріңнің
Бақыт қой келгендерің, туғандарым.
Бір-бірін араласпай танымақ кім,
Уығы ағайын ғой шаңырақтың.
Көз жасым – ақ нөсерім,
Көңіл – қозым,
Кеп отыр ағыл-тегіл жамыратқым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter