Өлеңдер ✍️
Айгүлге
Ойламайсың ештеңе,
Сен ұқпайсың папаңды.
Сен – сәбисің кішкене,
Мен – сәбимін сақалды.
Сен жайлы жыр ойымда,
Тағы жазғым келеді.
Сен тоймайсың ойынға,
Тек ойыншық керегі.
Қулығы жоқ «түлкің» бар,
Қорықпайды «қояның».
Сенің маған күлкің – нәр,
Мен күлкіге тоямын.
Сықылықтап күлесің,
Дейсің маған:
– Күлмейсің!
«Папа» деуді білесің,
Мәнін бірақ білмейсің.
Мініп алып арқама,
Дейсің маған:
– Таудайсың!
Мен ұқсағам папама,
Сен өзімнен аумайсың!
Балапансың ұяда,
Мен тынымсыз торғаймын.
Қиыл кетті қияға –
Ертеңіңді ойлаймын.
Күліп күнде күнімдей,
Өс, қалқашым, жыламай.
Жүрсең деймін сүрінбей,
Сүрінсең де құламай!
Өссе деймін өркені,
Түсіп ойға борышым.
– Айтшы – дейсің – ертегі,
Ертегі өзің мен үшін!
– Кино көрем! – дейсің сен,
Демей папам көз ілсін.
Сен киноға сүйсінсең,
Мультфилімім өзіңсің!
Ойламайсың ештеме,
Сен ұқпайсың папаңды.
Сен – сәбисің кішкене,
Мен – сәбимін сақалды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter