Өлеңдер ✍️
Өкініш
Көңілсіздік-ай!
Жанымды неге жауладың,
Қайда кеткенсің, қуаныш атты тауларым?!
Қайда кеткенсің, шаттығым, күлкім, мерекем,
Қамап алды ғой қайғы, мұң атты жауларым.
Қайыспайтұғын!
Қара нар еді төзімім,
Өзіме бүгін естілер емес өз үнім.
Өзіме бүгін өзімнің әлім жетпейді,
Сергелдеңге сап, бұқтырып қойды сезімім.
Мұң деген сөзден жасқанушы едім бұрын да,
Білмей де кеппін келерін маған бұның да.
Шықпай да қойды шырқымды бұзып, шықпыртып,
Кіріп алыпты
Ақылға –
Миға,
Жұлынға!
Арпалысқанмен аластағым кеп бойымнан,
Серпілгім келіп,
Кетіргім келіп ойымнан,
Көңілсіздігім көлденең тұрып алды да,
Көз аштырмады-ау өкініш атты сойылдан.
Аңғалдық па әлде ақылсыздық па, білмедім,
Білгенім тек сол – ойламағаным бұл менің.
Бір ғана сәтте жақсылықтарым жоғалып,
Ұмытылды ма жайраңдап күліп жүргенім?
Ұмытылды ма, ақ көңіл жаным, шындығым,
Досыма сыйым,
Шешеме жалғыз ұлдығым.
Әзәзіл дүние әжуалап кетті қапыда,
Аяғым тайды,
Құтқарар енді кім бүгін?!
Жаңа бір жанып,
Алаулап келе жатқанда,
Бақыттың өзі есігімді келіп қаққанда,
Тамылжыған таңдарым енді атқанда,
Кешіріңдерші,
Кезіктім қайдан ақпанға?!
Өмірде мынау бұралаң еді жол қандай,
Қаламым бүгін кідіре берді жорта алмай.
Кешірші мені, көңілді күндер – армандар,
Кешірші, анам,
Сәбиім, кешір – Шортанбай!
Қуаныш,
Шаттық!
Сендерге әзір жат емен,
Алда әлі талай кеудеме қайта әкелем.
...Мұң-қайғы басып алады екен кейде бір
Өміріңдегі болмашы кеткен қатеден!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter