Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.07.2023
56
Қоңыраулы
Ашып арна – омырауды,
Ағып жатты Қоңыраулы.
Бергі жағы – біздің ауыл,
Арғы жағы – сол қыз аулы.
Шымырлайтын,
Сыңғырлайтын,
Қоғаларды сындырмайтын.
Қоңыраулы сыр шертетін,
Ән айтатын,
Жыр жырлайтын.
Мен бер жақтан су ішкенде,
Қыз ар жақтан су алатын.
Жанарымыз түйіскенде,
Қоңыраулы қуанатын.
Судың бетін айна қылып,
Шашын өріп ол тұратын.
Жүзіндегі жайдарылық
Көңілімді толтыратын.
Сылаң қағып тұрып-тұрып,
Суын алып ол кететін.
Жанарымен сыр ұқтырып,
Сол қыз еді шөлдететін.
Қайық мініп кей күндері
Қыз айдынға жол салатын.
Біз тілдессек,
Иірімдері
Билеп, күліп қол соғатын,
Жаға жасыл шалғын еді,
Шалғы түсті күз айында.
Балдай еді,
Балғын еді,
Оралмады қыз айдынға.
Ашып арна – омырауды,
Ағып жатты – Қоңыраулы.
Бергі жағы – біздің ауыл,
Арғы жағы – сол қыз аулы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter