Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  85


Автор: Серікбай Оспанов

Жаным бір жайраңдасын...

Жаным бір жайраңдасын,


Жүректің қылын басып.


Жиырма бес, қайран жасым,


Жанатым, күнім ғашық.


 


Жазира дала мына


Үміті, мұраты елдің!


Жиырма бес,


Жанарыма


Өшпейтін нұр әкелдің.


 


Қуатты жыр әкелдің,


Көңілде Ай туғызып.


Төгілген сұра терден,


Болғанды айту қызық.


 


Жиырма бес – асыл арман,


Талайдан маған қалған:


Жаны жаз жақсылардан,


Жалыны аз жамандардан,


Нысапсыз надандардан,


Суайт пен сараңдардан,


Ары жоқ арамдардан,


Ақ көңіл адамдардан...


 


Енді сен маған келдің,


Жиырма бес – асқар белім.


Тізгінді саған бердім,


Бақытқа бастар дедім.


 


Сыйлашы жалыныңды,


Шынайы шындығыңды,


Алқынбас арыныңды,


Мұңайтпас тірлігіңді.


 


Жаным бір жайраңдасын,


Жүректің қылын басып.


Жиырма бес – қайран жасым,


Жанатым, күнім ғашық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу