Өлеңдер ✍️
Таба нан
Әлемге бүкіл тіршілік болып тараған,
Күн – дөп-дөңгелек бейне бір піскен таба нан.
Нан құдіретін,
Дән құдіретін сыр етіп,
Мұртын шиырып алтын бидай салады ән.
Айтады ұқсаң, сонау жылдарғы жоқтықты,
Қиындықтарды,
Бүгінгі мынау тоқтықты.
Бұл дала талай шөліркеп жатты, тың жатты,
Диқан бабалар молшылық жылды көп күтті.
Жоқтықты көрген,
Тоқтықты көрген – көп көрген,
Күнді, жылды еңбекпен ғана өткерген,
Диқан бабамыз жоғары қойып құраннан,
Таба нан, сені ең ардақтымыз деп келген.
Жайқалған егін – даланың тәтті күйісің,
Таба нан, шіркін, таба нан, сенің иісің!
Бүкіл Отан – Қазақстан бір үйміз,
Нан пісіріп жатыр енді бүгін үй-ішім.
Толқынды мұхит – егінді көрсе даладан,
Тебіренеді жүрегінде сәуле бар адам.
Ұшы-қиырсыз күзгі егінді даламыз,
Дөп-дөңгелек айнымаған сары таба нан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter