Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  74


Автор: Серікбай Оспанов

Дейді адамды  сүйек, еттен жаралған...

Дейді адамды  сүйек, еттен жаралған,


Шындығында сүйек, еттен ғана ма?!


Ар-ұят ше?


Намыс қайда?


Ал арман?..


Сезім қайда?


Бәрі де тыс қала ма?!


 


Мұны ақылсыз алмас едім ұғына,


Тәнім емес,


Жаным қатты ауырады.


Бар ғой адам қуанышы, мұңы да –


Небір шөлі,


Өзен-көлі,


Таулары...


 


Бар ғой қысы, жазы, күзі, көктемі,


Боп жатады онда кейде қақтығыс.


Керек пе екен маған жалғыз оттегі,


Рақаттанар жаным сөзден ап тыныс.


 


Кезіміз көп түсінісе алмайтын,


Күн ыстықта суық сөзден тоңғанмын.


Күндерің бар биіктерге самғайтын,


Жас боп кейде жанарыңа толған мұң.


 


Өмір солай...


Боп жатады бәрі де,


Қуанасың, ренжисің тағы да.


Ұмытылар тиген қолдар тәніме,


Ұмытылмас тиген сөздер арыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу