Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  110


Автор: Серікбай Оспанов

Өсек айт өскің келсе шені үлкенге...

Өсек айт өскің келсе шені үлкенге,


Алдында бір мүсәпір көрін пенде.


Бере сал жолын тауып,


Ызғарлының


Ысытып жібереді көбін теңге!


 


Түк те жоқ жай әшейін қиылғанға,


Шақырып жібергейсің, үйің бар ма?!


Сөйле кіл жеген болып халық қамын,


Сөз сұрап үлкен-үлкен жиындарда.


 


Жеткермес, жетелемес арман алға,


Енді адам адал іспен жан бағар ма?!


Сат бәрін, сауда жаса, ақ сайтандай


Шал деме, жас та деме, алдап-арба!


 


Өмірде болу керек адам батыл,


Арамды арамдықпен арам қатыр!


Біреудің қолтығына папка қыстыр,


Біреуге көпшік қойсаң жарап жатыр!


 


Мақта да шығар Айдан, шығар Күннен,


Осындай істерің тек ұнар бірден!


...Жүрмін-ау ұраныңа қосыла алмай,


Заман-ай, Адам жылап, жылан күлген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу