Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  87


Автор: Серікбай Оспанов

Қадір түні

Ел сары алтын десе де сабыр түбін,


Жоғымды іздеп таппайды жаным тыным.


Арқаланып кетейін жарқ етсеңші,


Қапаланып жүргенде, қадіртүнім!


 


Жалыныңнан жасқанып қалмас па екем,


Жарығыңнан жанарым талмас па екен?


Арманым көп, апыр-ай,


Аптыққанмен


Бәрін айтып үлгіре алмас па екем?!


 


Іштегімді білмей ме құдайым да,


Үнсіз әлде қол жайып тұрайын ба?!


Алаң бүгін көңілім, жерім – сырқат,


Аман сақтап қалуын сұрайын ба?!


 


Алаңдатпа, аласта нала, мұңды,


Адамзатқа бақыт ет жаңа күнді,


Бала-шаға бақытсыз болып жатыр,


Арашала дейін бе Аралымды?!


 


Баяғыша әлде мен бұғайын ба,


Бұғып қалып біреуге ұнайын ба?


Ар мен Намыс  азайды, бер дейін бе,


Ұлы достық қайда деп сұрайын ба?!


 


Жоғымыз көп, қадіртүн, не сұрайын,


Сұрамаймын шай, сабын...


Кешір, Айым!


Тілейін мен Ізгілік, Ізет, Мейірім,


Кіргізетін қайтадан ел шырайын!


 


Жалғастырып көңілді күйге әнімді,


Шашу етіп шашайын жиғанымды,


Инабатты, Ибамды түзе дейін,


Қайтар дейін қазақы иманымды!


 


Қол жаймаймын, қадіртүн, алтыныңа,


Өзгерсе екен өмірдің қалпы мына!


Шуақ шашып жіберші айналаға,


Жанарлардың айналып жарқылына!


 


Қасиет боп келсеңші Адамдарға,


Қажыр-кайрат берсеңші қадамдарға!


...Күдер үзбей қараймын шапағаттан,


Махаббаттан жарқ еткен жанарларға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу