Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  85


Автор: Серікбай Оспанов

Белі анамның бүгілді...

Белі анамның бүгілді,


Айтты ақылын аналық:


Кеудемдегі күнімді


Баспасын деп қара бұлт.


 


Табаны әке тілінді,


Барын берді қолдағы:


Көңілдегі күнімді


Қорғасыннан қорғады.


 


Ұстартты ұстаз тілімді,


Қол бұлғады бір арман.


Кеудемдегі күнімді


Аршып алды тұманнан.


 


Сол күнімнің жарығы


Тұрды өмірді сәнді ғып.


Ол – жауынгер қабірі


Басындағы от мәңгілік!


 


Сен кедергі бол, мейлі,


Ей, сәттерім, қамыққан!


Күнім мәңгі сөнбейді


Қуат алған халықтан!


 


Сәулесін сен көрдің бе,


Қарашы ақыл-санамен.


Көңілдегі сол күнге


Жылынып тұр бар әлем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу