Өлеңдер ✍️
Былдыр да былдыр сөйлеген...
Былдыр да былдыр сөйлеген
Балапандарым – бар бағым.
Солармен ертең ой-кемем
Білемін бірге самғарын.
Шайқалма, тағдыр – көлім-ау,
Ұл-қызым жүрсін енді есен!
Оларсыз сенің,
Өмір-ау,
Тәттілігіңді сезбес ем.
Арманым – Үміт – Жарығым –
Адамым қимас болмаса,
Тіршілік, бар ма қадірің,
Бағалы емессің онда аса!
Жанардан ұшқан жарқылды
Жанарымменен ілмесем,
Бал – күнді, сен деп бал – түнді,
Жер басып мүлде жүрмес ем!
Күресіп, қиқу салмасам
Еңселенсін деп Ел мынау,
Жалыңа неге жармасам,
Тәрк етіп кетер едім-ау!
Шабытты шақта
Алыс па
Қонақтар келіп қолға Күн.
Сен дедім озсам жарыста,
Сен дедім өлең жолдарын.
Туған жерге гүл – Ту қадап,
Шаттанып, шалқып күлмесем,
Қиялды қашқан қуалап,
Ажалға қарсы жүрмес ем!
Шомылмаса егер нұрға адам,
Шықпаса шырқап шыңдарға,
Мен сен деп неге тырбанам,
Оларсыз сенде құн бар ма?!
Босанып кеткен белдеуден,
Бесті бір тұлпар секілді,
Келемін жүйткіп сен деумен,
Кезімнен сонау кекілді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter