Өлеңдер ✍️

  03.07.2023
  62


Автор: Серікбай Оспанов

Тәуелсіздік

І


Қара перде түріліп,


Дала,


Қала нұр құшты.


Жанарларда жүр үміт,


Шаңырақтан күн түсті


 


Ел көшірген кешегі


Қара дауыл басылған.


Саумал самал еседі,


Қырға сәуле шашылған.


 


Тауды құрсап алатын


Көрінбейді бүгін қар.


Құстар жайып қанатын,


Құйғытады құлындар.


 


Сейіліпті ел мұңы,


Жаңбыр құйып өтіпті.


Қоршаудағы кер бұғы


Қарғып шығып кетіпті!


 


Жадыраған бар маңай,


Мөлдірейді көл қалай?!


Жайраңдаған баланы-ай,


Тайраңдаған ботаны-ай!


 


Тыймай кәусәр күлкісін,


Еркін ақты бұлақ та.


Өзгертіпті түр-түсін,


Құлпырып ой,


Қырат та!


 


Қаңғып жүрген қаңбақты


Кетті ме екен дауыл ап?!


Қойшы мінген


Қалмапты


Ауылда бір жауыр ат.


 


Киіз үйлер тігіліп,


Төкті ақындар жыр бүгін.


Шаттық әнмен түріліп,


Желпілдейді түндігім!


 


Жерде гүлдер билеген,


Аспанда ойнап ақша бұлт.


Той киімін кимеген


Неге бізден басқа жұрт?!


 


ІІ


Бүгін кәрі жасарып,


Жалыны өршіп жастардың,


Қас дұшпанға қасарып,


Қан майданды ашқан күн.


 


Тас қамалдан құтылып,


Бағым асып жанған күн.


Хас қыранның сыпырып


Томағасын алған күн.


 


Дұшпандарым қайғырып,


Ойдағымыз болған күн.


Арқасына сәйгүлік


Батырларым қонған күн.


 


Еріп мұзы асқардың,


Асулардан асқан күн.


Дұшпан мысын басқан күн,


Өзендерім тасқан күн,


Империя сасқан күн,


Күнім шуақ шашқан күн.


Жалауымыз жап-жасыл,


Түсі де сол аспанның!


 


Жан жылытты


Түскелі


Шаңырақтан нұрлы күн.


Тарқап шері іштегі,


Атам күліп жүр бүгін.


 


Алғыс айтып «күштіге»,


Анам күліп жүр бүгін.


Бабам аунап түсті ме,


Кестік сәби кіндігін.


 


Алда асуым,  жолым - кең,


Тамыжиды таңым - құт.


Қазақы көл-көңілмен


Жер-жиһанға танылдық!


 


Шам-шырақтар жағылып,


Үлгі болдық басқаға!


Алматы нұр жамылып,


Арай құшты Астана!


 


Таңғажайып тағына


Отырғалы Еркіндік.


Бақ  қосылды бағыма,


Серіппедей серпілдік!


 


Ол-арқауы жыр-әннің,


Ұзақ етсін ғұмырын,


Биікке ұшқан қыранмын,


Тәуелсіздік тұғырым!


 


ІІІ


Үзілді жібі ноқтаның,


Аяқта тұсау жоқ енді!


Ойнайды көзде от-жалын,


Шатыққа елім бөленді!


 


Тоғандар небір бұзылды,


Бұлақтар ақты жарысып.


Көгеннің жібі үзілді,


Өткен мен көктем табысып.


 


Өлгендер қайта тіріліп,


Сөнгендер жанды қайтадан.


Сүйінші сұрап жүгіріп,


Шалқытып Шаттық айтады ән.


 


Күн шығып бұлтсыз көгіме,


Серппедей бейне серпілдік.


Отырды елдің төріне


Аңсаған халық Еркіндік!


 


Қазағым өсіп-көктейді,


Өз туын көріп көгінен.


Еркіндік мәңгі кетпейді


Намысты елдің төрінен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу