Өлеңдер ✍️
Балалар салған суреттер
Шіркін-ай, осы екен ғой өнер шыңы,
Барады қанат қағып көгершіні.
Жарқырап бұлтсыз күні күлімдеп тұр,
Аумаған велосипед тегершігі.
Жүзінде адамдардың шаттық қана,
Бақытты балалар да,
Бақытты ана.
Әкелер, аталар да мейірімді,
Жап-жасыл жоқ мынадан артық қала.
Өмірден көргендері мұның бәрі,
Ақ бантик – ақ көбелек бұрымдағы.
Еркелеп енесіне
Емін-еркін
Ойнақтап, шапқылап жүр құлындары.
Қайран қап бояулардың түр-түсіне,
Бәрінің қызығасың күлкісіне.
Ойнап жүр бір-бірімен тату-тәтті
Қояны, қонжық, қасқыр, түлкісі де.
Тілей ме ашық аспан ертеңіне,
Бәрі де Күн салыпты ел көгіне.
Жеңетін тек әділет, шындық қана,
Дәл мұндай әсер етпес ертегі де.
Шынымен балалардың салғаны ма,
Өткенге, көз жүгірттім алдағыға.
Күлген күн, ашық аспан, ақ көгершін
Жетелеп бара жатты арманыма.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter