Өлеңдер ✍️
Құлын
Түседі есіңе өткенің,
Құлдилап шапқан құлынды-ай!
Қарашы жер күй төккенін,
Өткенде ұйтқып құйындай.
Қара тастары мамықтай
Даласы сүйді тұяғын.
Денені буған шабыттай,
Құлаққа ғажап құяды үн.
Зуласын дедім сүрінбей,
Сүрінсе де бір құламай.
Қалғандай белім бүгілмей,
Қозғалақтадым шыдамай.
Оңға да, солға бұрылмай,
Сүрінбей,
Ақты жығылмай.
Секірген тастан бұлақтай,
Дөңгелеп кеткен тиындай.
Ол әлі жүген көрмеген,
Білмейді ол әлі ноқтаны.
Бөгет пе оған өр, белең,
Жыралар, жолдың соқпағы.
Арқасын оның ер қажап,
Болған жоқ әлі жауыр да.
Көрсетіп небір ел де азап,
Ұрған жоқ қамшы сауырға.
Жыландай орап,
Алқымға
Түскен жоқ әзір бір бұғау.
Шыңғыртып шапқа, тақымға
Салған жоқ ешкім қылбұрау.
Бәрі де бәрі жеңілдей,
Ауыздық барын білмейді ол.
Жер бетінде жебірдей
Жауыздық барын білмейді ол.
Көк аспан, көзде – көк шөбі,
Үйірілмейді әзір үйірге.
Білмейді ол өткір өкшені
Қадалар ертең бүйірге.
Қарадым көзімді ала алмай,
Көрешегі оның әлі алда.
Өтті бір соққан самалдай,
Өмірі күліп жанарда.
Сынаптай сырғып барады,
Таңдантып күллі қыр елін.
Алқымға келіп қалады
Тулаған асау жүрегім.
Құлынның тарап кекілін,
Жарыса соқты жазғы жел.
Шабардай жеті ай, жеті күн,
Ұзаған сайын жазды бел.
Қызу қан бойға таралып,
Ой келді басқа не түрлі.
Зулаған құлын
Балалық
Дәуренім менің секілді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter