Өлеңдер ✍️

Күрсінем
Өкпем жоқ саған, елге де,
Жайымды айтпай білсін кім?
–Күрсінесің, – деп, – сен неге?
Сұрадың досым, күрсіндім...
Жалғыздан өскен жапанда,
Жалқының дара бүршігі ем.
Азабын кейде тартам да,
Байқамай өзім, күрсінем.
Менде де енді жалғыз ұл,
Көпшіл ем,
Көппен жыршы да ем.
Жабырқатады жанды бұл,
Таппаймын емін, күрсінем.
Жаралды деп бар жан нұрдан,
Ашық ем, аңқау сыршыл ем.
Айтқаным оқ боп
Алдымнан
Атылды, соған күрсінем.
Өмір-ай, неткен сүйікті ең,
Өмір-ай, неткен қырсық ең?!
Өзімді көрмей биіктен,
Бола алмай ырза, күрсінем.
Бәз біреу үшін қысылып,
Бәз біреу үшін ауырып,
Кеудемнен арман ұшырып,
Қайтадан тағы сауығып,
Айта алмай қара – қара деп,
Айтуға денем түршігіп,
Шындық бұл – менде бар әдет –
Отырам жиі күрсініп.
Гүлдердің көрсем солғанын,
Майысса, сынса бір шыбық,
Әкеліп жанға ол да мұң,
Отырам терең күрсініп.
Бәрімізде Отан – үй біреу,
Ойлаймын қамын күрсініп,
Өз тілін білмей,
Кей біреу
Бұраса тілін қырсығып.
Шыға алмай мақсат шыңына,
Алады намыс бір сілкіп.
Өлмес жол таппай жырыма,
Өкініш кейде күрсінтіп.
Соғыс десе егер шет елде,
Жоқ десе де Айда тіршілік,
Жөн бе әлде мұным бекер ме,
Опынып, алам күрсініп.
Көрінеді бұл ерсі де,
От болып демім жүр шығып.
Тимеген жалғыз еншіме,
Күрсінтеді елді тіршілік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇