Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
02.07.2023
318
Сену керек жастарға!
Жастық шақ – бұл арғымақ,
Ноқта, жүген көрмеген.
Жастық шақ бұл – сан бұлақ,
Тауға, тасқа өрлеген.
Жастық шақ бұл – шуақ, нұр,
Елге шашар жарықты.
Жастық шақ бұл – қуат, жыр,
Шалқымалы, шабытты.
Татқаны – бал, тәтті кіл,
Кезі болмас жасыған.
Кім бар дейсіз шақты бұл
Өткізбеген басынан?!
Күдіктене қараймыз
Күйдірмейік күйбең ғып.
Қателесіп талай біз,
Қателіктен үйрендік!
Сүрінген де күндер көп,
Бүгілген де күндер бар.
Шалыс баспай жүргем деп
Айтар қазір кімдер бар?!
Жібер оған жол сілтеп,
Шыңдайды әлі сан жарыс.
Бойларыңда болсын тек
Иман, Ізет, Ар, Намыс!
Жанарында жастардың
Сөнбесін от жарқылы!
Биігіне асқардың
Баста сенім арқылы!
Сену керек жастарға,
Ақтайды олар сенімді!
Шығады ертең асқарға,
Алға бастап еліңді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter