Өлеңдер ✍️

  02.07.2023
  127


Автор: Серікбай Оспанов

Достарға

Достарым-ау, жиірек жолығалық,


Жолығыссақ көрінер жолым анық.


Бақыттымын маңымда сендер барда,


Домбырамды отырсам қолыма алып.


 


Қанаттарым өздерің, қалықтаймын,


Әсем әндер шырқаймын, шарықтаймын.


Күй де тартып беремін, жыр да оқимын,


Сыр айтыңдар,


Тыңдаудан жалықпаймын.


 


Өбектелсін өмірде өткен-кеткен,


Арман боп жүр біздерге көктем көптен...


Сағым десе, сағым дер көрмегендер,


Бәрін кеше басыңнан өткермеп пе ең?!


 


Кеше ғана кеткенде кеш қарайып,


Көрінбейтін еді ғой ештеңе айып.


Екеу-екеу тұрушы ек елтігендей,


Ертегідей енді бір еске алайық.


 


Қандай ғажап еркелеп, ұрысқаны,


Сені аймалап көзінен нұр ұшқаны...


Үйімізде үлбіреп отыр сол бір


Махабаттар қараңғы бұрыштағы.


 


Армандастар, айтпаймыз неге өлеңді,


Қайтып, қалай өткен күн келер енді?!


Қызықтайық, көріңдер,


Өмір, Көңіл –


Қалбаң-құлбаң жүгірген немеремді.


 


Келіңіздер, қайтпасын меселіміз,


Өзгермеңдер, салқындау деседі күз...


Сендер үшін жап-жаспыз,


Аймаласып


Қол ұстасқан кешегі ұл, кешегі қыз.


 


Қатар-құрбы жүргенде бәрі лайық,


Жанымызды жаз етіп жадырайық.


Тұрмайды бұл уақыт өзгеріссіз,


Болар әлі оп-оңай бәрі ғайып.


 


Өмірдің де бар кеші, бар ертеңі,


Әзір достар, бәрі аңыз, бәрі ертегі.


Елубай мен Алпысбай келеді әлі,


Қазағымның өседі тағы өркені!


 


Өздеріңсіз мұңайтар төрім мені,


Күлкілердің ғажап қой төгілгені.


Достарым-ау, келіңдер,


Есік ашық


Үйімдегі және де көңілдегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу