Өлеңдер ✍️
Өмірден тек бес емес алған бағам...
Өмірден тек бес емес алған бағам,
Жан емеспін және оны армандаған.
Абайламай суға да кете жаздап,
Талай-талай пендемін тал қармаған.
Бәрі түстей өтті енді,
Маған бүгін
Көрінеді олжадай амандығым.
Шолақ ойды шорт кесіп, шошындырып,
Арамдықты үркітті адалдығым!
Пендешілік жасайды пенде деген,
Аспандадым – албырт ем,
Жерде келем.
Ән-күй десем – әсемдік тебірентіп,
Әлдилесем – мені де тербеді өлең!
«Алғы күнге, – дегендей, – аптық, бала»,
Ол мұңға да, бөледі шаттыққа да!
Жүрек едім, ақын деп таныды ма ел,
Тілемедім өмірден артық баға.
Келем әлі сол ізбен талмай, қалмай,
Күтеді алдан күндерім қандай-қандай?!
Көзім айтып қояды жалғанымды,
Өзім айтам ешкімді алдай алмай.
Көлгірсіген көрсетіп көп қошемет,
Бәз біреулер қолыммен от көсемек.
Табашылға бар талай таң қалғаным,
Жанашырлар жүремін көктесе деп.
Жанарымда балалық шағым күліп,
Бал дәурен-ай, жүреді сағындырып...
Арпалыста ақиқат жолындағы
Қалтарыста қалмады Арым бұғып.
Ізгілікке бастады жанымды Үміт,
Сақтағаным сары алтын – Сабырлылық!
Сөздерімнің қанаты болса дедім,
Сезімдерге дарақы салдым құлып.
Жан емеспін өлімді қашық деген,
Ғашық та емен, мен оған асық та емен.
Ажал емес,
Пыш-пыштан, пасықтықтан
Ғұмыр бойы қапа боп қашып келем.
Ібілістей ізімде олар да әлі,
Сүріндірді,
Сүйкенді,
Көп алдады.
Бола алмады тосқауыл борандары,
Қол көтерген күнімді көре алмады.
Бүгілмедім, ауырды қанша жаным,
Сүрінгенім, түк емес шаршағаным.
Мені Адам ғып табиғат жаратқан соң,
Тек адалдық, адалдық аңсағаным!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter