Өлеңдер ✍️

  02.07.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Мақтанға еріп...

Мақтанға еріп


Түймемді


Ағытқан да кезім бар.


Мадақтаудан кейде енді


Жалыққан да кезім бар.


           


Шығармай жыр төріне,


Қамыққан да кезім бар.


Талантымды еліме


Танытқан да кезім бар.


 


Жүргенімде ойнақпен,


Тарыққан да кезім бар.


Өлімменен ойнап мен,


Қағытқан да кезім бар.


 


Жазып кейде асау жыр,


Еркелеп те қойдым мен.


Еркелікті жасау бұл


Ерте деп те қойдым мен.


 


Арманға бір арманнан


Алып ұшты көктемім.


Қызға ұнамай қалғаннан,


Ұнағаным көп менің.


 


Көтермейді елді ұғып,


Қатал өмір еркелік.


Еркелеймін деп жүріп,


Кетті кей дос ерте өліп.


 


Күмістенді самайым,


Сап-сап енді, жел көңіл.


Алды-артыма қарайын


Деп отырмын мен де бір.


 


Құшағымды ойға аштым,


Болған жоқпын пенде құр.


Еркелей де қоймаспын,


Еркелетпес енді өмір.


 


Айтқанына  көнейін,


Емес өмір жеңге бір.


Желмаядай желейін,


Кел, өлеңім,


Кел, көңіл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу