Өлеңдер ✍️

  02.07.2023
  76


Автор: Серікбай Оспанов

Зілзала

Сілкінді Жер, су...


Не амал бар?!


Айналды қара аспаным.


Ауылдар, қирап қамалдар,


Қаусатып кетті қас қағым.


 


Араша күтті Адамдар,


Еске алу қиын, ес тану...


Жер құшты күл боп армандар,


Кеш қалу көп қой, кеш қалу...


 


Парасат, ақыл-санамен


Жұмылса дедік Адамдар.


Бір жүрек болып бар әлем,


Аэропорттар, алаңдар...


 


Мұхиттар, теңіз, көлдер де –


Безек қақса ғой бес құрлық.


Ауыр бір апат келді елге,


Ес жиғыза алмас еш тірлік.


 


Күтпей-ақ сәтті сағатты,


Адамзат біткен көңілі ақ


Тауысып шыдам – тағатты,


Ұшса ғой енді өмір ап.


 


Бір-бірін арбап-алдаған


Жайсыздау күндер жай қалса.


Ұшақ біткендер самғаған


Қарлығаштарға айналса.


 


Тиелсе барлық қолда бар,


Кемелер жолға сайланса,


Орнына ауыр бомбылар


Тіршілік қана байланса.


 


Қажыр мен  қайрат, ел күші


Қажымастай бір қайралса,


Шекаралардың белгісі


Қантамырларға айналса.


 


Бір-бірін халық ұғысса,


Бір-бірін халық қолдаса.


Ұлтына, бөліп ұлысқа,


Алалау елді болмаса...


 


Үндемеу саған, маған жат,


Адамның бір ғой түп тегі.


Бүкпесін тізе Адамзат,


Осы емес пе елдің күткені!


 


Қол бұлғай берсін алдан бақ,


Үмітін ешкім үкпесін.


Адамзат әркез армандап,


Тіршілік бойын тіктесін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу