Өлеңдер ✍️
Хамзаға
(Хамза Абдуллинге)
Мейірімінен бұрын жүрер жанжалы,
Жұрттың көбі жек көретін Хамзаны.
Бәйе-шәйе болған әбден қорлықтан,
Қайтсін енді мерт болса егер арманы.
Өмірі өксік, тұрады екен көкпардан,
Өлген-тірі, тірісінде жоқталған!
Көргені тек көр азабы, ғажабы –
Берлинде,
СССР-де сотталған.
Мың сүрінді өтпейін деп арды аттап,
Сөз сөйлеуден қалды кейін салмақтап.
Мұсаға ұқсап ол атылып кеткенде
Батыр деп ел жүрер еді ардақтап.
Жиналыста сөйлеуші еді ашына,
Өзі ғана өзіне дос, қасы да!
Өлтіре алмай Гитлер мен Сталин
Өлмегені пәле болды басына.
Өзі бастап, аяқтаса жанжалды,
Талай сұқты оған ел де қанжарды.
Бұрқ-сарқ қайнап, тарқамаған ашуын
Тарқататын оқып қайта Мағжанды.
Өлеңменен жаралған жан ол егіз,
Қолтығынан демедік неге біз?!
Ішкі рухын таптағанын азаптың
Түсінбедік, елемедік неге біз?
Айтқан зары, ыза-кегі құлақта,
Туы – шындық, ұнатпасаң, ұнатпа!
Жер үстінен бақыт таппай кеткен ол
Жер астында енді ме екен жұмаққа?!
Қара тас, мұз, әз жүрегін от қарып,
Ыстық, суықты өзімен бір кетті алып.
Ақиқат деп шыж-пыш болып жүргенде,
Ол жақта да кетті ме әлде сотталып?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter